ДДҰ: Эбола індеті күрделі, бірақ пандемия қаупі жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Орталық Африкадағы Эбола вирусының таралуына байланысты жағдайдың күрделі екенін, алайда пандемия қаупі әзірге жоқ екенін мәлімдеді, деп жазды DW.
ДДҰ-ның төтенше жағдайлар комитетінің жетекшісі Люсиль Блумбергтің айтуынша, ұйым індеттің ұлттық және өңірлік деңгейдегі таралу қаупін жоғары деп бағалап отыр. Дегенмен жаһандық қауіп деңгейі төмен күйінде және пандемия жариялауға негіз жоқ.
– Эбола вирусы ауа арқылы немесе кездейсоқ байланыс кезінде жұқпайды. Ол қанмен және биологиялық сұйықтықтармен тікелей байланыс арқылы таралады, – деді Люсиль Блумберг Женевада өткен баспасөз мәслихатында.
ДДҰ сарапшысы Анаис Леганның айтуынша, індет бірнеше ай бұрын басталған болуы мүмкін.
– Қазір ең маңыздысы – жұқтыру тізбегін үзу, науқастарды оқшаулау және барлық күдікті әрі расталған жағдайларға медициналық көмек көрсету, – деді ол.
ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Конго Демократиялық Республикасы мен өзге де елдерде Эбола жұқтырудың шамамен 600 күдікті жағдайы тіркелгенін, 139 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Қаза тапқандар арасында медицина қызметкерлері де бар.
Ұйымның мәліметінше, бірнеше ондаған жағдай зертханалық жолмен расталған. Алайда науқастардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Сонымен қатар Конгода Эбола жұқтырған америкалық дәрігер Германияға эвакуацияланып, Берлиндегі Charité клиникасына жеткізілді. Германия билігінің хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі көмек сұрап жүгінген.
Науқас арнайы оқшауланған бөлімде ем қабылдап жатыр. Берлин билігі тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Бұған дейін ДДҰ Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада сирек кездесетін «Бундибугио» штамының таралуына байланысты дабыл деңгейін көтерген болатын. Ұйым бұл жағдайды «халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай» деп атады.
Мамандардың айтуынша, вирустың бұл түріне қарсы әзірге вакцина да, арнайы ем де жоқ. Қазіргі қолданыстағы вакциналар Эболаның бұрынғы штамдарына қарсы әзірленген.
Эбола вирусы көбіне өліммен аяқталады. Бұған дейінгі індеттер кезінде науқастардың 25%-дан 90%-ға дейіні қайтыс болған.
Аурудың белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бұлшықет ауыруы, диарея, ішкі қан кету және ағза мүшелерінің істен шығуы жатады.
Жаңа індет туралы алғаш рет 15 мамырда Конгоның солтүстік-шығысындағы Итури провинциясының билігі хабарлаған. Бұл өңірде әскери қақтығыстар жиі болады.
ДДҰ мәліметінше, Конгомен шекаралас он елге, әсіресе Уганда мен Оңтүстік Суданға қауіп жоғары. Ұйым аталған мемлекеттерді Эбола жағдайларын ерте анықтап, шұғыл емдеу шараларын күшейтуге шақырды.
Айта кетейік, қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасындағы Эболаның 17-эпидемиясы болып отыр. 2018-2020 жылдардағы ең ірі індет кезінде шамамен 2300 адам қайтыс болған еді. Соңғы 50 жыл ішінде Африкада Эболадан шамамен 15 мың адам көз жұмған.
ҚР СІМ Африкадағы эбола індетіне байланысты үндеу жасады.