ДДҰ: Қант диабетімен ауыратындар саны отыз жылда төрт еседен астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы диабет кез келген жастағы адамдарға әсер ететінін және өмір бойы тұрақты бақылауды қажет ететінін атап өтеді. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтары хабарлады. 

ДДҰ: Қант диабетімен ауыратындар саны отыз жылда төрт еседен астам өсті
Фото: Pexels

ДДСҰ деректеріне сәйкес, диабеттің таралуы жылдам өсіп келеді, әсіресе табысы төмен және орта деңгейдегі елдерде. 1990 жылдан 2022 жылға дейін диабетпен өмір сүретін адамдар саны 200 миллионнан 830 миллионға дейін артқан. 2022 жылы 18 жастан асқан адамдардың 14 пайызы диабетпен ауырған, бұл 1990 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Сонымен қатар 30 жастан асқан диабет диагнозы қойылған адамдардың жартысынан көбі (59%) ауруды бақылауға арналған препараттарды қабылдамаған. Ең төмен емдеу деңгейі табысы төмен және орташа елдерде тіркелген.

Аурудың асқынуы

Диабет көру қабілетін жоғалтудың, бүйрек жеткіліксіздігінің, жүрек талмасының және инсульттің негізгі себептерінің бірі болып қала береді, сондай-ақ жиі аяқ-қол ампутацияларына алып келеді. 2021 жылы диабет тікелей 1,6 миллион адамның өліміне себеп болды, олардың 47 пайызы 70 жасқа дейінгі адамдар. Сонымен қатар диабетке байланысты бүйрек ауруларынан 530 мың өлім тіркелді. Қандағы қанттың жоғары деңгейі жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімнің шамамен 11 пайызына себеп болды. Жалпы алғанда, 2021 жылы диабет пен оның асқынуларынан 2 миллионнан астам адам көз жұмған.

Диабет деген не?

Диабет ағзаның инсулинді жеткіліксіз өндіруінен немесе оны тиімді пайдалана алмауынан дамиды. Қандағы қанттың ұзақ уақыт жоғары болуы қан тамырларын және жүйке жүйесін зақымдайды. Белгілері кейде кенеттен пайда болуы мүмкін, бірақ 2-типті диабет кезінде симптомдар жиі білінбейді, бұл кеш диагностикаға және асқынуларға әкеледі. Диабеттің 95 пайыздан астамы – 2-типті диабет, әрі ол қазір балалар арасында да жиі анықталып отыр.

Емдеу және алдын алу

ДДҰ диабеттің 2-типінің алдын алуға болатынын атап өтеді. Дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау және темекіден бас тарту аурудың дамуын алдын алуға немесе кешеуілдетуге мүмкіндік береді. Ерте диагностика мен тұрақты медициналық тексеру ауыр салдардың алдын алудың негізгі құралдары болып қала береді.

Ұйым диабеттің бақылауға келетінін еске салады. Диета, дене белсенділігі, дәрілік терапия және асқынуларды емдеу аурудың өршуін баяулатуға көмектеседі. ДДҰ елдерге диабеттің алдын алу және оны емдеу жүйелерін нығайтуда, соның ішінде диабетпен күрес жөніндегі Ғаламдық пактіні іске асыруда және 2030 жылға қарай көмекке қолжетімділік бойынша жаһандық мақсаттарға жетуде қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. 

Айта кетелік диабет әлеуметтік маңызды аурулардың тізімінен шығарылды, енді не өзгеретіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар