Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ДДҰ мен ЕО ана мен сәби денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі үшін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын марапаттады

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы Қазақстандағы ана мен бала денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Еуропалық Одақтың естелік тақтасымен марапатталды.

ДДҰ мен ЕО ана мен сәби денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі үшін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын марапаттады

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы (АБҰҒО) естелік тақтамен ДДҰ-ның медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған «Тиімді перинаталдық күтім» және «Сандар нені білдіреді?» стратегияларын табысты енгізгендігі үшін марапатталды. Бұл бастама ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтауды қолдау» жобасының шеңберінде жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ (ЕО) өкілдігінің басшысы Елші Норберт Жустеннің айтуынша, 2009 жылы басталған жобаға ЕО-дан 1,2 млн. еуро көлемінде қаражат бөлінді. Жоба Қазақстанның Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді орындайды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов атап көрсеткендей, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі Қазақстан саясатының басымдықты бағыты болып қала береді. «Президент Н.Назарбаев аталмыш мәселеге қашанда ерекше көңіл бөледі. Елбасының бастамасымен құрылған АБҰҒО - соның айқын айғағы. Республикада балаларды күтіп-бағу, ана мен баланы қорғау үшін алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілуде. Соның арқасында бізде ана мен сәби өлім-жітім санының тұрақты азаю үрдісі байқалып отыр. Мәселен, 2011 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ана өлімі 1,6 есеге, ал сәбилердің дүние есігін ашпай жатып көз жұму фактілері - 1,2 есеге төмендеді», - деді ол.

Сондай-ақ Е.Байжүнісов, ДДҰ мен ЕО-ның естелік тақтасы бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесі екендігін және ол тек АБҰҒО-ның ғана емес, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының бүтіндей алғандағы жетістігінің мойындалуы деп білетіндігін жеткізді.

АБҰҒО алғашқы науқастарын 2007 жылы 20 тамызда қабылдады.