ДДҰ орман өрті түтініндегі бөлшектердің қанға түсетінін ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) климаттың өзгеруі жағдайында ауқымды орман өрттерінің туындау қаупі артып келе жатқанын ескертті, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Орман өрттері тек өрт ошағына жақын тұратын тұрғындарға ғана қауіп төндірмейді. Түтін жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға таралып, мемлекеттердің шекарасынан асып, ауа сапасын нашарлатады және өрт аймағынан алыс орналасқан адамдардың денсаулығына да қауіп төндіреді.
Биыл жазда Еуропа елдері мен әлемнің өзге өңірлерін шарпыған ірі өрттер қауіптің тек жалыннан ғана емес, ауаның ластануынан да туындайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Денсаулыққа әсері
Орман өрті кезінде пайда болатын түтін – ағаштардың, өсімдіктердің және ғимараттардың жануынан бөлінетін газдар мен өте ұсақ қатты бөлшектердің күрделі қоспасы. Егер өрт қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарды қамтыса, түтіннің құрамы одан сайын қауіпті бола түседі.
Ең үлкен қауіп PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінен туындайды. Олар өкпеге терең еніп, қан айналымына өте алады. Мұндай бөлшектердің әсерінен жөтел, көз бен тамақтың тітіркенуі, бас ауруы, сырылдап тыныс алу және ентігу пайда болуы мүмкін.
Демікпемен, өкпенің созылмалы ауруларымен немесе жүрек-қан тамырлары сырқаттарымен ауыратын адамдар үшін тіпті алыстағы орман өрттерінің түтіні де аурудың асқынуына, ал ауыр жағдайларда ауруханаға жатқызуға және шұғыл медициналық көмекке мұқтаждыққа әкелуі ықтимал.
Қауіп тобына кімдер жатады
ДДҰ мәліметінше, халықтың кейбір топтары үшін түтіннің әсері ерекше қауіпті.
Олар:
-
өкпесі әлі толық қалыптаспаған нәрестелер мен кішкентай балалар;
-
егде жастағы адамдар;
-
жүкті әйелдер;
-
мүгедектігі бар адамдар;
-
түтіннің енуінен сенімді қорғай алмайтын тұрғын үйлерде тұратындар немесе баспанасы жоқ адамдар.
Сондай-ақ өрт ошағы маңында жұмыс істейтін төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен ашық аспан астында еңбек ететін адамдар да жоғары қауіп тобына кіреді.
Грекиялық өрт сөндіруші Константинос Цигкас орман өртінің салдары тек тікелей жарақаттармен шектелмейтінін айтты.
– Түтін тыныс алу органдарының ауруларын туғызуы және демікпе сияқты бұрыннан бар сырқаттарды асқындыруы мүмкін, – деді ол.
Орман өрттерін түсіріп жүрген грек фототілшісі Димитрис Тосидис жағдайдың желдің бағыты өзгерген сәтте күрт өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
– Өртке жақындағанда ең бастысы – желдің бағыты кез келген сәтте өзгеруі мүмкін екенін түсіну. Сонда түтін басып қалып, тыныс алу мүмкін болмай қалады, – деді ол.
Қалай қорғану керек?
ДДҰ еске салғандай, орман өрттерінің басым бөлігі адамның кінәсінен болады. Оларға отқа немқұрайды қарау, толық сөндірілмеген темекі тұқылы мен мангалдар, күн сәулесін шоғырландыратын шыны қалдықтары немесе қасақана өрт қою себеп болады.
Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен жерді пайдалану тәсілдерінің өзгеруі өрттің тез таралып, ауқымды аумақтарды қамтуына жағдай жасап отыр.
Ауа температурасының көтерілуі, ұзаққа созылған аптап ыстық, құрғақшылық, жауын-шашын режимінің өзгеруі және өсімдіктердің қурауы өрттің шығу ықтималдығын арттырады.
ДДҰ-ның Еуропалық қоршаған орта, климаттың өзгеруі және денсаулық орталығының қызметкері Дорота Яросинска:
– Егер сіздің өңіріңізде, тіпті біршама қашықтықта орман өрттері болып жатса, ең өзекті ақпаратқа ие жергілікті биліктің нұсқауларын орындаңыз, – деп кеңес берді.
Оның айтуынша, түтіннің иісі сезілсе, бұл оның ауада бар екенін білдіреді. Сондықтан, әсіресе қауіп тобындағы адамдар оның әсерін барынша азайтуы керек. Ал түтін иісінің болмауы ауада зиянды бөлшектер жоқ дегенді білдірмейді. Оның үстіне түтіннің таралу бағыты кенет өзгеруі мүмкін.
Мамандар кеңесі
ДДҰ мынадай кеңестер береді:
-
жергілікті биліктің ресми ескертулері мен ұсынымдарын қадағалау;
-
эвакуация жарияланбаса, мүмкіндігінше үйде қалып, есік-терезелерді жабық ұстау;
-
сыртқа шығу қажет болған жағдайда бетке тығыз жабысатын FFP2 немесе N95 санатындағы респиратор тағу;
-
жолға шығуды барынша азайтып, көлікпен жүргенде терезелерді жауып, ауаны рециркуляциялау режимін қосу;
-
аптап ыстық пен түтін қатар болған кезде желдеткішті тек бөлме ішіндегі ауаны айналдыру үшін пайдалану, ал кондиционерді рециркуляция режиміне қою;
-
үй ішінде темекі шегу, ағаш пешті пайдалану, аэрозоль шашу немесе ашық отта тамақ әзірлеу сияқты қосымша ауа ластау көздерінен аулақ болу;
-
жүрек және өкпе аурулары бар адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге денсаулығын мұқият бақылап, белгілер пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.
Денсаулық сақтау жүйелерін даярлау
ДДҰ орман өрттерінің салдарына денсаулық сақтау жүйелері де дайын болуы керектігін атап өтті.
Бұл халықты қауіп-қатер туралы жедел хабардар етуді, денсаулықты қорғау жөнінде ұсынымдар беруді, жедел желілердің, медициналық және әлеуметтік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ таза ауасы бар қоғамдық орындар мен аптаптан паналайтын орындар ұйымдастыруды қамтиды.
ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы тәуекелдерді бағалау және төтенше жағдайларға дайындық мәселелері бойынша елдермен бірлесіп жұмыс істейді.
Ұйым сондай-ақ медициналық қызметтерге арналған ұсынымдар мен практикалық құралдар топтамасын әзірледі. Олар халықты түтін мен аптап ыстықтың әсерінен қорғауға және денсаулық сақтау жүйелерінің орман өрттері мен ыстық толқындарына төзімділігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін биылғы жылдың басынан бері Еуропа мен Солтүстік Америкада орман өрттері салдарынан шамамен алты миллион гектар орман жойылғаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, бұңан дейін әлемде аптап ыстық, қуаңшылық және су тасқыны қаупі артатынын жаздық.