Декларацияға қажетті мәліметтерді жинап үлгермегендер не істеуі керек – МКК түсіндірмесі
АСТАНА. KAZINFORM – Декларацияға қажетті барлық мәліметті жинап үлгермеген қазақстандықтар 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны белгіленген мерзімде тапсырып, кейін деректерді түзете алады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілеу басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенова айтты.
Оның мәліметінше, 2025 жылға арналған декларацияны тапсыру мерзімінің аяқталуына шамамен үш апта қалды. 270.00 нысанын 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Алайда кейбір азаматтар жыл ішінде мүлікпен бірнеше мәміле жасаған жағдайда қиындыққа тап болуы мүмкін.
— Мысалы, кейбір азамат қажетті мәліметтерді сұратып алуға үлгермей қалуы ықтимал. Көлік сатқан кезде адамның оны кімге сатқанын есіне түсіре алмай қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал декларацияда сатып алушының ЖСН-ін, аты-жөнін және көлікті қанша сомаға сатып алғанын көрсету қажет. Сондықтан азамат бастапқы декларациясына түзету енгізіп, талап қою мерзімі үш жыл ішінде қосымша декларация тапсыра алады, — деп түсіндірді ол МКК парақшасындағы тікелей эфир барысында.
Декларацияны мына азаматтар тапсыруы тиіс:
• мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
• заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;
• банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары;
• жеке практикамен айналысатын тұлғалар: нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар және адвокаттар;
• 2025 жылы жалпы құны 20 мың АЕК-тен (86,5 млн теңге) асатын мүлік пен басқа да активтер сатып алған қазақстандықтар;
• салық агентінен белгілі бір салықтық шегерімдерді қолданған тұлғалар;
• цифрлық актив иелері;
• өз бетінше декларациялап, салық төлеуді қажет ететін кіріс алған азаматтар.
Құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлікті сатып алуға қатысты талап Қазақстандағы активтерге де, шетелдегі активтерге де қолданылады.
270.00 нысанында мыналар көрсетілуі қажет:
• дебиторлық және кредиторлық берешек;
• салықтық шегерімдер;
• өз бетінше салық салынуға жататын кірістер, мысалы, мүлікті сату кезінде құн өсімінен алынған табыс;
• 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша құны 1000 АЕК-тен (4,325 млн теңге) асатын шетелдегі активтер;
• бағалы қағаздар және шетелдік компаниялардағы қатысу үлестері;
• мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы мәліметтер.
— Егер адам өз бетінше салық салынуға жататын кіріс алса, оны оны 270-нысанда көрсетуі қажет. Мысалы, ол жылжымайтын мүлікті 10 млн теңгеге сатып алып, кейін оны 15 млн теңгеге сатса, алынған кірісті декларацияда көрсетуі керек. Сондай-ақ 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелдегі активтерді де декларацияда көрсету қажет. Мысалы, адамның Түркияда пәтері немесе Швейцария банкіндегі шотында 500 мың еуросы болса, бұл мәліметтерді 270-нысанға енгізу қажет, — деп түсіндірді Гүлден Хасенова.
Қазақстанда жеке мүдделер туралы декларацияны кім және қашан толтыруы керек екенін жазған едік.