Декларацияны дер уақытында тапсырмағандар айыппұлдан құтылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ел тұрғындары декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса, онда ол нөл көрсеткішпен ұсынылды деп саналмақ. Мұндай өзгеріс жаңа Салық кодексінде көзделген.

Бүгін Сенатта өткен салық саясатының және салықтық әкімшілендіруді жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жаңа Салық кодексіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтың бірі – салық есептілігін ұсынбағаны үшін айыппұл салудан бас тарту екендігін айтады.
- Егер салық төлеуші декларация ұсынбаса, онда ол нөл көрсеткішпен тапсырылды деп саналады. Салық төлеушіде салық есептілігінің қосымша нысанын ұсыну құқығы қалады. Соған орай есептілікті дер уақытында ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады. Яғни бизнес үшін жазалау шарасы қысқартылады, - деді комитет төрағасының орыбасары.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, бұл мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерін декларация ұсынбаған азаматтар тізімін түзу, оларға хабарлама жіберу және әкімшілік хаттама толтыру сынды артық жұмыстан босатады.
Бұған дейін бірнеше пәтері бар адамға мүлік салығы қалай салынуы мүмкін екендігін жазған едік.