Делдал сатқан билетпен Джей Ло концертіне кіре алмайсыз – Тексеру жұмыстары басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Дженнифер Лопес концертіне билет емес, ваучерлер ғана сатылады. Нағыз билет концерт күні жақындағанда электронды поштаға келіп түседі. Бұл туралы концертті ұйымдастыратын «Астана концерт» продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді.

− Астанадағы Дженнифер Лопес концерті рекордты қызығушылық тудырды, билеттер санаулы сағатта сатылып кетті. Енді платформа командасы фейк аккаунттар арқылы жаппай сатып алынған билеттерге тексеру жүргізіп жатыр. Алыпсатарлар OLX желісінде ваучерді еселенген бағаға сатуды бастап кетті, − деп жазды Мәлік Хасенов Instagram желісінде.
Продюсердің айтуынша, бұл кезеңде көрермендер концерт билетін емес, ваучерді ғана сатып алады. Бұл ваучерлер концерт уақыты жақындағанда да күшіне енеді.
− Танымайтын адамдардан ваучер сатып алғандар концертке кіре алмай қалуы мүмкін, себебі нағыз билет сатып алғанда көрсетілген электронды поштаға келіп түседі, − деп түсіндірді М. Хасенов.
Қазір концерт билетін сататын Тикетон.кз командасы күмәнді саудаларды анықтап, күшін жоюмен айналысып жатыр. Барлық техникалық тексеру жұмыстары аяқталған соң, босаған орындар ресми сатылымға шығады.
Бұған дейін 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтетіндігін жазған едік. Билеттер бүгін сағат 11:00–де сатылымға шықты.
Елордадағы концерт әлемдік жұлдыздың Up All Night турнесі аясында өтпек. Әлемдік тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде: Анталья мен Ыстанбұл, Мадрид пен Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест, Әбу-Даби қалалары бар.
Дженнифер Лопестің келуі — Астананың А-классты жұлдыздардың гастрольдік картасына енуіне жол ашады. Бұл концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді, қала экономикасына 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түседі деген болжам бар.
Бұған дейін хабарланғандай, әлеуметтік желіде Джей Лоның концертіне Қазақстанға турлар сатылып жатыр.