Делиде ҚР Сыртқы істер министрі орынбасарының төрағалығымен АӨСШК Аға лауазымды тұлғалар комитетінің кезекті отырысы өтті
АСТАНА. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат. Кеше, ақпанның 20-да ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Аға лауазымды тұлғалар комитетінің (АЛТК) кезекті отырысы өтті.
Мұндай отырыстар осының алдында Бангкок пен Сеулде өткен болатын, деп хабарлады ҚазАқпаратқа СІМ баспасөз қызметінен. Иордания Хашемиттік Корольдігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Комитет отырысына теңқұқықты мүше ретінде бірінші рет қатысты. Олар Кеңеске 2008 жылы тамыз айында мүше болды. Кеңестің кеңеюі оның қауіпсіздік және аймақтық ынтымақтастық саласындағы көпжақты механизм ретіндегі беделінің артуына септігін тигізеді.
Қатысушылар АӨСШК АЛТК алдында өткен Арнайы жұмыс тобының отырыстарының тиісті ұсыныстарын қарастырып, мақұлдады. Кеңесте 2002 жылдан бері төрағалық етіп келе жатқан Қазақстанның мандаты 2010 жылы бітеді. Осыған байланысты 2008 жылы тамызда Алматыдағы 3-ші АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің отырысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл орынға АӨСШК белсенді мүшелерінің бірі Түркия Республикасын сайлауды ұсынған болатын. Бұл екі бауырлас мемлекет арасындағы қатынастардың жоғары деңгейі және түрік тарапының әртүрлі халықаралық, аймақтық бірлестіктерде жинаған мол тәжірибесін ескере отырып жасалған еді.2009 жылы қаңтар айында ішкі мемлекеттік процедуралардың нәтижесі бойынша Анкара Қазақстанның ұсынысымен келісетіндігін мәлімдеді. Бұл жөнінде Түркия Президенті А.Гүлдің АӨСШК Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың атына жіберген жолдауында айтылған. Түркия АЛТК-тың осы отырысында өз кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Мүше мемлекеттер оны 2 айлық мерзім ішінде қарастырады. АӨСШК ережесіне сәйкес оны қолдаған жағдайда Кеңеске мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының кезекті 3-ші саммиті 2010 жылы осы елде өтеді.
Сенім шаралары тізбесін орындау мәселесі де жақсы жүріп жатыр.
Егер бұрын АӨСШК шеңберінде жыл сайын тек 2-3 арнайы шара өткен болса, осы жылы Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Корея Республикасы, Түркия, Иран және Израильде бірнеше кездесулер, семинарлар және форумдар өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, үстіміздегі жыл Кеңесті дамыту кезіндегі ірі табыстарға толы жыл болғалы тұр. Қазір Қазақстанға «Әскери-саяси тұрғыдан сенім шараларын іске асыру туралы Төрағаның тұжырымдамасы» атты құжатты дайындау міндеті жүктелді. Бұдан кейін осының негізінде барлық мүше мемлекеттердің ортақ позициясын көрсететін «Ортақ ұстаным» құжаты дайындалады.
Экономикалық өлшем бойынша туризм саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруші мемлекет ретінде Тәжікстанның дайындаған Ынтымақтастық тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан адам өлшемі бойынша сенім шараларын жүзеге асыру жөніндегі жобаны үйлестіруші ретінде АӨСШК-тің гуманитарлық саладағы сенім шаралары жоспарын орындау аясында 2009 жылға арналған іс-шаралар жоспарын таратты.
Моңғолия экологиялық өлшемнің үйлестірушісі ретінде бекітілді, ал жаңа қауіптер мен қатерлерге жауапты Түркия 2009 жылы мүше елдердің полиция басшыларының кездесуін өз аумағында өткізетіндігін мәлімдеді. АӨСШК аясында бірінші рет академиялық топтар деңгейінде «екінші жол» атты іс-шара өткізу туралы шешім қабылданды. Ол 2009 жылдың күз айында Кеңеске мүше елдердің, аймақтық және субаймақтық ұйымдар мен форумдар басшыларының қатысуымен Қырғызстанда өтетін «Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Азия елдеріне әсері» атты конференция болмақ.
Қатысушылар Кеңес жұмысына қатысты жалпы мәселелерді де қарастырды. Мысалы, кездесуде 2009-2010 жылдарға арналған АӨСШК іс-шараларының күнтізбесі қабылданып, «АӨСШК-тің дамуын зерттеу» сараптамалық материалы бекітілді.
Кеңеске қатысушылар 2006 жылғы 2-ші Саммит пен 2008 жылғы 3-ші СІМК шешімдерін орындау мақсатында және 2010 жылы өтетін Жоғарғы дәрежедегі үшінші кездесуді дайындау үшін осындай нақты қадамдар жасап жатыр.Делегация басшылары баяндамаларында дүниежүзі мен Азиядағы жағдайдың дамуына байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Кеңесті шақыру және нығайту жөніндегі бастамасының өзекті әрі қажетті болғанын атап өтті.Делидегі кездесу Форумға қатысушылардың Азия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақты даму үшін АӨСШК-тің алдыға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға бел байлағанын тағы бір рет көрсетіп берді.