Дені сау ұрпақ үшін: ерлер қандай тексеруден өту керек — уролог кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бала жоспарлау көбіне әйелдердің денсаулығымен байланыстырылғанымен, ұрық сапасы мен дені сау нәрестенің дүниеге келуіне ер адамның денсаулығы да тікелей әсер етеді. Бұл туралы уролог-андролог Батыржан Ибраев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Әке болуға дайындық үш ай бұрын басталады
Урологтың сөзінше, бедеулік жағдайларында ер адамның денсаулығы негізгі факторлардың бірі. Сондықтан мамандар болашақ әкелерге кемінде үш ай бұрын зиянды әдеттерден бас тартып, қажетті тексерулерден өтуді ұсынады.
Сонымен қатар ер адамдардың көпшілігі бала жоспарлауға арнайы дайындықтың қажет екенін біле бермейді. Алайда ұрықтың толық қалыптасу циклі шамамен үш айға созылады. Сондықтан осы кезеңде өмір салтын өзгерту болашақ сәбидің денсаулығына оң әсер етеді.
— Сондықтан бала жоспарлап жүрген ер азаматтарға кемінде үш ай бұрын алкогольден, темекіден және басқа да зиянды әдеттерден бас тартуға кеңес береміз. Артық салмақ, қант диабеті, артериялық гипертензия сияқты созылмалы аурулары бар немесе жасы 35-40-тан асқан ер азаматтар жүктілікті жоспарлауды алты ай бұрын бастағаны дұрыс, — деді Батыржан Ибраев.
Қандай тексерулерден өту керек?
Дәрігердің айтуынша, болашақ әке ең алдымен жалпы медициналық тексеруден өткен жөн.
— Бірінші кезекте қан талдауы, инфекциялық ауруларға тексерілу, кейін спермограмма тапсыру маңызды. Сонымен қатар аталық бездің жағдайы, бұрын жасалған операциялар мен басқа да ерекшеліктер ескеріледі, — деді ол.
Дәрігердің айтуынша, мұндай тексерулер бедеуліктің алдын алып қана қоймай, дені сау ұрпақтың дүниеге келу мүмкіндігін арттырады.
Ұл балаларды урологқа қашан көрсету керек?
Маман ер балалардың денсаулығын тек сүндеттеу алдында ғана емес, туғаннан бастап бақылау қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, нәрестеде аталық бездің ұмаға түспеуі немесе жыныс мүшесінің даму ерекшеліктері ерте анықталса, оларды дер кезінде емдеуге болады.
— Ер бала туғаннан кейін балалар урологына қаралғаны дұрыс. Кейін сүндеттеу алдында және жасөспірім кезеңінде тағы бір тексеруден өткен жөн. Сол кезде дәрігерлер жыныстық жетілудің дұрыс өтіп жатқанын бағалай алады, — деді Батыржан Ибраев.
Қуықасты безінің (простатит) қабынуы неге жиілеп барады?
Уролог қазіргі кезде ерлер арасында қуықасты безі ауруларының жиілеуін көбіне өмір салтымен байланыстырады.
Аз қимылдау, ұзақ уақыт отырып жұмыс істеу, созылмалы стресс, ұйқының жеткіліксіздігі және фастфудты көп тұтыну ерлер денсаулығына кері әсер етеді.
Батыржан Ибраев көптеген азамат урологқа тек ауру асқынғанда ғана келетінін айтады. Сондықтан профилактикалық қаралу мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Темекі, вейп және алкоголь ұрық сапасын төмендетеді
Дәрігердің айтуынша, кәдімгі темекі де, электронды темекі, кальян мен вейп те ұрық сапасы мен оның белсенділігіне кері әсер етеді.
Сондықтан бала жоспарлаған ер азаматтарға бұл әдеттердің барлығынан уақытша емес, мүмкіндігінше толық бас тартуға кеңес береді.
40 жастан кейін әке болуға бола ма?
Уролог ер адамдарда әйелдердегідей нақты биологиялық шек жоқ екенін айтты. Алайда жас ұлғайған сайын ұрық сапасы төмендеп, генетикалық өзгерістердің қаупі артады.
— 40-45 жастан кейін сперматозоидтардың сапасы төмендеп, ДНҚ деңгейіндегі өзгерістердің қаупі артады. Сондықтан мүмкіндігінше бала жоспарлауды ертерек бастаған дұрыс, — деді маман.
Маман бала жоспарлаған ер азаматтарға мынадай қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:
кемінде үш ай бұрын темекі, алкоголь және басқа зиянды әдеттерден бас тарту;
сауна, монша, тар іш киім және ұзақ уақыт ыстықтың әсерінен сақтану;
урологтың қабылдауына барып, негізгі тексерулерден өту.
Осындай дайындық, дәрігердің айтуынша, ер адамның репродуктивті денсаулығын жақсартып қана қоймай, дені сау ұрпақтың дүниеге келу ықтималдығын арттырады.
Айта кетейік, бұған дейін, қуықасты безі обырының алдын алу жайлы жазған едік.