Денис Евсеев Түркиядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 440-ракеткасы Денис Евсеев Ыстанбұл (Түркия) ATP Challenger турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда АТР рейтингісінде 505-орында тұрған бразилиялық Пауло Андре Сарайва Дос Сантосқа тап болды.
Бірінші партияда бразилиялық теннисші ептілік танытты — 6:3. Дегенмен бұдан кейін Денис камбэк жасай білді — 6:3, 7:6 (7:5).
Екі сағат 43 минутта біткен матчта Евсеев эйс жасамағанымен, 16 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Бразилиялық спортшы 2 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 360-ракеткасы, испаниялық Давид Хорда Санчиспен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 933-орындағы Григорий Ломакин Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 475-ракеткасы, мексикалық Алекс Эрнандеске есе жіберді — 4:6, 6:7 (6:8).
Бұл бәсеке де тартысты өтіп, 1 сағат 49 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.