Дэвис кубогының іріктеу турнирі: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтіп жатыр.
Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген Қазақстан жасөспірімдер құрамасы D тобындағы алғашқы кездесуінде Түркменстанды 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Алдымен Ахмади Мақанов Сүлейман Худайбердиевті тас-талқан етті – 6:0, 6:0.
Содан кейін Аңсар Ниетқалиев Али Гельдыевтен айласын асырды – 6:0, 7:5.
Жұптық сында А.Мақанов Родион Трайгельмен бірге А.Гельдыев – Керімгелді Кулдурдыевті қапы қалдырды – 6:1, 6:2.
Қазақстандық жасөспірімдер сейсенбі күні Пәкстан құрамасымен шеберлік байқасады. Пәкстандықтар бастапқы матчында турнирдің 2-ракеткасы Оңтүстік Кореяға 0:3 есебімен есе жіберді.
Қазақстандықтарға өз тобынан шығу үшін бірінші не екінші орын алса, жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде ТОП-ке қайта кіргенін жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде үздік көрсеткішін қайталады.
Григорий Ломакин Үндістандағы турнирде екінші кездесуін жеңіспен түйіндеді.