Денис Евсеев Түркиядағы турнирде жергілікті теннисшіні камбэкпен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 441-ракеткасы Денис Евсеев Самсун (Түркия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемдік рейтингіде 644-орындағы түркиялық Тунджай Дуранға қарсы келді.
Бірінші партия тай-брейкте жергілікті спортшының пайдасына шешілді – 7:6 (7:5). Дегенмен бұдан кейін Денис ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 6:1, 6:3.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Евсеев 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың сегізін құр жіберген жоқ. Дуран 3 эйс, 4 брейкпен (5 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 416-ракеткасы, украиналық Вадим Урсумен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде 115-орынға көтерілгенін жазған едік. Сондай-ақ Тимофей Скатов Сан-Марино турнирінде алғашқы қарсыласын жолдан тайдырды.