Денсаулық сақтау министрлігі елдегі педиатриялық қызметті күшейтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Балаларды кешенді медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында соңғы бір жылда емханаларда 366 педиатриялық бөлімше және шамамен сонша Даму және ерте араласу орталығы ашылды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

педиатрия
Фото: ДСМ

Педиатриялық бөлімшелерді құру:

• балалардың денсаулығын туған сәтінен бастап жүйелі бақылауды қамтамасыз етуге;
• даму бұзылыстарын ерте анықтауды күшейтуге;
• мультидисциплинарлық тәсілді енгізуге;
• мамандандырылған көмекті отбасылардың тұрғылықты жеріне жақындатуға мүмкіндік береді.

Педиатриялық бөлімшелердің құрамына:

• педиатр дәрігерлер кабинеттері;
• Даму және ерте араласу орталықтары (ДЕАО), оның ішінде:
• патронаж қызметінің дәрігер-супервизоры кабинеті;
• патронаж мейіргерлер кабинеттері;
• бала дамуы жөніндегі мамандар;
• тамақтану бойынша ресурстық орталық;
• дыбыс оқшаулауы бар аудиологиялық скрининг кабинеті;
• егу кабинеті;
• мектеп медицинасы кабинеті кіреді.

Егер баланың даму ерекшеліктері анықталса, ол Даму және ерте араласу орталығына жіберіледі. Мұнда баланы мультидисциплинарлық команда сүйемелдейді: педиатр, патронаж мейіргері, реабилитолог, логопед, психолог және басқа да мамандар.

— Бір жылдың ішінде орталықтарда 72 мыңнан астам балаға консультация берілді, ал даму бұзылыстарын анықтау көрсеткіші 21,5%-ға артты. Осылайша, жүйе медициналық көмектің деңгейлерін бөлу қағидатына негізделіп құрылған, мұнда жалпы практика дәрігері (ЖПД) алғашқы байланыс және үйлестіру функциясын атқарады, ал қажет болған жағдайда мамандандырылған педиатриялық көмек қосылады, — делінген хабарламада.

Мұндай тәсіл көптеген балалар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сонымен бірге күрделі клиникалық жағдайларда мамандандырылған көмек алу мүмкіндігін сақтауға мүмкіндік береді.

Баланы қарап, оған ем-дом тағайындайтын педиатр дәрігердің қабылдауы әдетте қымбат болып келеді. Осы ретте Kazinform агенттігінің тілшісі қалалардағы қабылдау қызметінің бағасын салыстырды.