Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухананың қызметін тексеруді тапсырды.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аталған мекемедегі пациенттердің жағдайына қатысты шағымдар тараған еді.
Министрліктің тапсырмасымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аурухана жұмысына кешенді тексеру бастайды. Мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің ұсталуы жағдайларын, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін және азаматтардың құқықтарының сақталуын қарайды.
Тексеруге прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты уәкілетті мемлекеттік органдар да қатысады.
Ведомство тексеру қорытындысы бойынша анықталған фактілерге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Егер заң бұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Министрлік бұл мекеме елдегі осы бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық ұйым екенін атап өтті. Мұнда сот шешімі негізінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдар ем қабылдайды.
Ауруханадағы пациенттердің 80 пайыздан астамы адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны айтылды. Мекемеде ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады. Ол пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ емдеу мен оңалту жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырған еді.