Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары өзгеріп жатыр - Ақмарал Әлназарова
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат беріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, ана мен бала өлімін азайту, денсаулық сақтау саласында бұйрықтарды өзгерту және басқа да маңызды мәселелерге қатысты пікірін айтты.

Медицинаға бөлінген қаражат
- Денсаулық сақтау саласында біраз рейтингтер бар. Министрлік оларды қарап отырады. Әр рейтингтің көрсеткіштері бөлек болады. Сондықтан кез келген рейтингіні жоққа шығаруға болмайды. Осы орайда оларға назар аударамыз. Рейтингтің негізгі көрсеткіші – ол қаржыландыру. Яғни мемлекет тарапынан берілетін қаржы мәселесі ескеріледі. Екіншіден, кадр мәселесіне мән беріледі. Қаржы аз болса, бұл жағдай медициналық қызметтің сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы жаңа заңды әзірлеу аясында бұл мәселенің шешімін қарастырды. Қазіргі кезде Президенттің тапсырмаларын орындау тұрғысында МӘМС жүйесін жетілдіру, жергілікті атқарушы органдардың халықтың денсаулығына қатысты жауапкершілігін көтеру мәселесі заң жобасында қамтылған. Бұл құжатта халыққа медициналық қызметтің қолжетімдігін арттыру мәселесі қарастырылған. Осы көрсеткіштердің аясында рейтингілердегі мәселелер ескерілген, - деді А.Әлназарова.
Оның айтуынша, Презденттің сайлауалды бағдарламасында медицина саласына бөлінетін қаражаттың көлемін арттыру қарастырылды. Бұл ретте инфрақұрылымды, жаңа ғимараттарды салуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуге қомақты қаражат керек.

- Аталған заң аясында салаға бөлінетін қаражатты көбейту жоспарланған. Екіншіден, бөлінген қаражатты тиімді игеруге ерекше назар аудару қажет. Қазіргі кезде мемлекет жағынан бөлінген қаражатты және жұмыс берушілердің жарнасын есепке алсақ, 2,8 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл да аз ақша емес. Осы қаражаттың белгілі бір бөлігі тиімсіз жұмсалып отырғанын көріп отырмыз. Яғни халық «МӘМС жүйесіне төлемдер аударылғанымен, медициналық ұйымдарда кезек мәселесі әлі де бар» екенін айтып жатады. Біз 2024 жылы бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыруға бағытында жұмыстарды атқардық, - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері саладағы тариф мәселесі айтылып келе жатқанын еске салды. 2020 жылдан бастап кредиторлық қарыз деген мәселе пайда болды. Бұл тұрғыда медициналық мекемелер кредиторлық қарызды көбейтіп алды. Осының салдарынан бұл берешек жылдан жылға көшіп жатады.
- Негізгі себебі – ол тарифтердің төмендігі. Яғни, тарифтер нақты медициналық қызметке жұмсалып жатқан қаражатты өтемеуі салдарынан осындай қарыздар өсіп жатыр. Жоғарыда айтқандай, бөлінген қаржыны тиімсіз игеру мәселесі бар. Сондықтан осы екі бағытта 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі өзінің жұмысын ұйымдастырды. 10 жылдан бері тарифтер көтерілмеген. Ана мен балаға медициналық қызметтердің тарифтерін көбейтуге алғашқы қадам жасадық. Жарты жылдың ішінде бастапқы нәтижелерін көріп отырмыз. Атап айтқанда, қаржылық жағдаймен қатар, медициналық қызметтің сапасы жақсарғаны байқалды. Перзентханаларда нәрестелердің шетінеуі азайғаны тіркелді. Сондықтан биыл бұл бағыттағы нәтижелер тағы жақсара түседі деп үміттеніп отырмыз, - деді министр.
Ақмарал Әлназарованың сөзіне қарағанда, былтыр ана өлім-жітімі орташа есеппен 13 пайызға төмендеген. Бұған саладағы бақылаудың күшейтілуі, ауруханалардағы ем-дом хаттамасын жетілдіру қадамдары, тарифтердің өсуі, кадрлардың білімін шыңдау жұмыстары, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуын көтеру ықпал етті.

- Жүктілікке дайындалып келу мәселесі, саналы түрде ана болу қадамы – үлкен шешім. Статистика бойынша әйелдердің 30 пайызы жүктілікке дайындалып келеді. Бұл көрсеткіш төмен. Осы орайда 2025 жылдан бастап жүктілікті жоспарлап отырған әйелдерге қатысты скрининг өткізуге қаражат қарастырып, тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Әйелдердің денсаулығына ерекше назар аударылады, - деді ол.
Емханалардағы проблема
Ведомство басшысының айтуынша, «медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейі» көрсеткішіне министрлік назар аударып отыр. Осы көрсеткіштерге Жоғары аудиторлық палата жылына бір рет тиісті талдау жасайды. Ұлттық статистика бюросы да осы жағдайға қарап отыр. Әр облыста осы көрсеткіш әртүрлі.
- Мәселелер әлі де бар. Оның ішінде негізгісі бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, яғни емхананың қызметіне тұрғындардың көңілі толмай жатады. Соның арасында тегін дәрі-дәрмекке, кезек мәселесіне, дәрігерлердің біліміне қатысты сұрақтар бар. Сондықтан осыған жүйелі түрде қарау керек. Министр ретіндегі қызметімде емханалардың жұмысын жетілдіруге көңіл бөліп жатырмын. Халықтың 80 пайызы алғашқы көмек алу үшін емханаларға барады. Жұмыстың дұрыс жүруіне Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары да елеулі түрде әсер етеді. Әр өңірден келген арыздарды қарасақ, негізінен 5-6 бағыттағы проблемалар айтылған. Бұл тұрғыда нормативтік-құқықтық актілердің сапасына қатысты ревизия жасадық. Министрлік бұйрықтарының 11-іне қол қойылды, сондай-ақ тағы 15-і бекітіледі. Атап айтқанда, жүйені пациентке бағдарлап, оның барлық жағдайын жасауға байланысты бұйрықтарды өзгерттік, - деп түсіндірді А.Әлназарова.
Осы орайда 2025 жылдан бастап бұйрықтардың көбісі күшіне енеді.

МӘМС-ке қатысты өзгеріс
Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қазір әлемде өзінің қажет екенін дәлелдеген тетіктердің бірі екенін атап өтті.
- Дамыған елдерде МӘМС жүйесі бар. Біз 2020 жылы ғана енгіздік. Сондықтан бұл жүйе енгізілген кезеңде, оған коронавирус пандемиясы проблемасы қосылды. Пандемия кезінде тиісті қаражаттың қажет болуына байланысты заңдарға бірнеше өзгеріс енгізілді. Жалпы, МӘМС жүйесін сақтап қалуымыз керек. Бірақ оны жетілдіре түсеміз, - деді ведомство басшысы.
Оның атап өтуінше, қазір Парламент денсаулық сақтау саласын, МӘМС жүйесін толықтай бақылап отыр. Депутаттармен бірлесе тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр.
- Дайындаған заң жобасына қатысты өзгерістерді әзірлеп, көктемге дейін Парламентке енгіземіз. Депутаттардың да қосымша ұсыныстарына байланысты заңнамалық өзгерістер пакеті дайындалады деп ойлаймын, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Ақмарал Әлназарова өңір әкімдерін ауыл дәрігерлерін ұстап қалуға көбірек ақша бөлуге шақырды.