Денсаулық сақтау саласына айтылатын сынды цифрландыру арқылы шешуге болады – Ербол Оспанов

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов денсаулық сақтау саласында шешімін табуы тиіс ең басты үш мәселені атады.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

- Жалпы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, трансформациялау мәселесін алар болсақ, баяу келе ме, жылдам келе ме, оған баға бере алмаймын. Жоспарымыз бар. Денсаулық сақтау вице-министр болып тағайындалған кезде алдыма мақсаттар қойылған, соған жету қажет. Денсаулық сақтау министрлігі, Жасанды интеллект министрлігі және басқа ведомстволар сол мақсат аясында жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да Денсаулық сақтау министрлігі, оның өңірлік құрылымдары әртүрлі сынға ұшырап жатады. Оның бәрі бірінші кезекте цифрландырудың аясында шешілетін мәселелер. Осы бағыттағы жоспарымыз - азаматтарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту. Өйткені, сынның бірі – медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі. Кезекте тұрамыз, ұзақ күтеміз, дәрігерлер жоқ деп жатады, - деді вице-министр Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында.

Ол саладағы екінші мәселе ретінде медициналық қызметкерлерге жүктеменің көптігін атады.

- Азаматтарды емдеудің орнына ақпараттық жүйелермен жұмыс істейді не қағазбастылық бар. Бір адамды 15-20 минуттың орнына 30-40 минут қабылдайды. Себебі ақпараттық жүйені толтыру, 1 ақпараттың жүйенің орнынан 2-3 жүйемен жұмыс істеу сияқты мәселелер бар. Соны құрту қажет. Медицина қызметкері пациентті қабылданғанда жеңіл және тез қызмет көрсетуі тиіс, - деді ол.

Ербол Оспановтың айтуынша, үшінші мәселе денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаты үнемді пайдалануға қатысты. 

- Өйткені, көп қаражат бөлінеді. Мәселен, 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 3 трлн теңге бөлінді. Сол қаражаты үнемдеу пайдалану, мақсатсыз пайдалануға жол бермеу қажет. оны автоматты жүйе арқылы бақылап, процестерді оңтайландыру керек. Осы үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біраз жұмыс жаалды. 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерге талдау жасадық. Талдау барысында 20-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйе бар екенін, оның бәрі бір-бірімен толық ықпалдастырылмағанын, бір қызметті 2-3 жүйе қайталайтынын анықтадық. Соларды оңтайландыру қажет. Бұл жұмысты биыл бастадық. 2026 жылдың 1-тоқсанында біраз жоба өз мәресіне жететіндігіне сенімдіміз. Сол жетістікке жетсек, жоғарыда аталған 3 мәселенің бірқатары шешіледі, - деді ол.

Айта кетейік, Әлеуметтік әмиян арқылы 13 млн-нан астам дәрі-дәрмек рецепті цифрлық түрде берілді.

Соңғы жаңалықтар