Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында ауылдық жерлерде жүздеген жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, дәрігерлерді қолдау шаралары күшейтілді. Сонымен қатар дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мен медицинаны цифрландыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Үкімет.

Современная медицина Казахстана переходит к минимально инвазивным сосудистым вмешательствам
Фото: ПІБ Медицина орталығы

Үкіметтің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту шеңберінде еліміздің өңірлерінде 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны, оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Бұдан бөлек, 12 медициналық мекеме толық жаңғыртудан өтіп, ауыл тұрғындарына мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік алды.

– Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайту үшін кемінде бес жыл жұмыс істеуге келісім берген 529 тапшы бейіндегі дәрігерге 8,5 млн теңгеден біржолғы көтерме төлем берілді. Соның нәтижесінде ауылдағы дәрігерлер тапшылығы 13,8%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 1%-ға төмендеді, – делінген Үкімет ақпаратында.

Сонымен қатар интернатурада 6 жаңа базалық мамандық, резидентурада 14 тар бейінді балалар мамандығы ашылды.

Дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларына күш көрсету немесе қауіп төндіру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қазіргі таңда 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді. Ал Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіліп, бұл жанжалдар санын 90%-ға азайтқан.

– Бір жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алу жоспарының көлемі 584,1 млрд теңгені құрады. Қазақстандық өндірістегі 66 дәрілік препарат бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бюджеттен 10,3 млрд теңге үнемделді. Биылғы бірінші тоқсанда фармацевтикалық өндіріс көлемі 70,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға өсті, – деп мәлімдеді Үкімет.

Қазіргі уақытта елде 209 отандық фармацевтикалық өндіруші тіркелген. Оның ішінде 43 кәсіпорын дайын дәрілік препараттар шығарады.

Сондай-ақ Үкімет Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca компанияларымен ұзақмерзімді келісімдер жасап, отандық кәсіпорындармен жалпы құны 125,4 млрд теңгеге 83 келісімшартқа қол қойған. Бұдан бөлек, 2029 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық дәрілердің үлесін 50%-ға жеткізу мақсатында 391,3 млрд теңгеге алты ірі инвестициялық келісім жүзеге асырылуда.

Медицина саласын цифрландыру аясында E-Densaulyq бірыңғай платформасына 23 ақпараттық жүйе біріктіріліп жатыр. Сонымен қатар көлемі 1,5 петабайт болатын бірыңғай медициналық деректер қоймасы іске қосылуда.

– 1 шілдеден бастап медициналық қызметтерді қаржыландыру тек бірыңғай репозиторийдегі верификацияланған деректер негізінде жүргізіледі. Бұл жалған есептіліктің алдын алып, дәрігерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді және әкімшілік жүктемені екі есеге дейін азайтады, – делінген Үкімет хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстанда 1,7 млн адам жүрек-қантамыр ауруларына тексеруден өтті.