Денсаулыққа бақылау: профилактикалық тексерулерге қатысу жасы 76 жасқа дейін артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда денсаулық скринингі бағдарламалары жаңартылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Медициналық скрининг
Фото: Kazinform

Өзгерістер ауруларды ерте анықтаудың тиімділігін арттыруға және халықты қамтуды кеңейтуге бағытталған.

Дәлелді тиімділігі бар зерттеулер енгізілді, соның ішінде:

— ТТЛП (төмен тығыздықтағы липопротеидтер),

— триглицеридтер,

— гликирленген гемоглобин.

— Скринингке қатысу жасы 76 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл профилактикалық бағдарламаларға егде жастағы адамдарды көбірек тартуға мүмкіндік береді. Арнайы мамандардың негізсіз консультациялары алынып тасталды. Егер зерттеу нәтижелері қалыпты болса, скринингті мейіргер — басқа мамандарға жолдамасыз аяқтауы мүмкін, — делінген ведомство хабарламасында.

Цереброваскулярлық бұзылулардың алдын алу үшін МӘМС-ке 50 + ерлерге арналған жаңа скрининг енгізілді: брахиоцефалиялық тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуі екі жылда 1 рет.

Қыркүйек айынан бастап онкоскринингтердің барлық кезеңдері ТМККК шеңберінде қолжетімді болды, бұл зерттеп-қараудан өтуді жеңілдетеді және халыққа қаржылық жүктемені азайтады. Жаңартылған стандарттар скринингтерді дәлірек, заманауи және пациенттерге ыңғайлы етеді.

Бұдан бұрын Қазақстанда пациенттерді ПЭТ/КТ-ға жіберу үшін бірыңғай үйлестіру орталығы құрылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар