Депардьенің дауы: Француз актері тағы сотқа шақырылды

ASTANA. Kazinform – Танымал француз актері Жерар Депардье Париж қылмыстық соты алдында жауап береді. Оған 2018 жылы әріптесі Шарлотт Арнуға зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылған. Бұл туралы DW жазды.

 Жерар Депардье
Фото: DW

Шарлотт Арну полицияға 2018 жылы арыз жазған. Ол кезде актриса 22 жаста болған. Арну актердің Париждегі үйінде екі рет зорлағанын мәлімдеген. Депардье Арнудың әкесінің досы екені де айтылды. Тергеу ұзақ уақытқа созылып, іс сотқа тек жеті жылдан кейін жетті.

2020 жылы Арну тағы да шағым түсіргеннен кейін актер ресми түрде тергеуге алынды. 2024 жылы прокуратура істі сотқа жіберуді сұрады.

Депардье тағылған айыптарды жоққа шығарып, актрисамен қарым-қатынасы өзара келісіммен болғанын алға тартады. Алайда прокурор «айыпты растайтын нақты дәлелдер бар» дейді. Егер сот оны кінәлі деп тапса, актер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл Депардьеге тағылған алғашқы айып емес. 2025 жылдың мамырында Париж соты оны басқа іс бойынша – 2021 жылы түсірілім алаңында екі әйелге тиісу фактісі үшін – кінәлі деп тауып, 18 ай шартты жаза тағайындаған. Сондай-ақ оны жыныстық қылмыс жасаған адамдар тізіміне енгізіп, психологқа қаралуға міндеттеген.

76 жастағы Жерар Депардье 200-ден астам фильмге түскен. Бірақ соңғы жылдары оны жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін ондаған әйел айыптап келеді.

Соңғы жаңалықтар