Депортацияланған өзбекстандық мигранттар елге қайту шығынын өтеуге міндеттеледі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан үкіметі депортацияланған еңбек миграттарының құқығы мен оларға қатысты қолданылатын шаралар туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Депортацияланған өзбекстандық мигранттар елге қайту шығынын өтеуге міндеттеледі
Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

Өзбекстан Көші-қон агенттігінің мәліметінше, құжатта үкімет тарапынан өзге елге ресми жұмысқа жіберіліп, кейін заңға қайшы әрекеті үшін депортацияланғандарға қатысты рәсімдер қамтылған.

Егер мигрантты елге қайтару шығынын агенттік төлесе, онда азамат Өзбекстанға оралғаннан кейін жұмсалған қаражатты өз қалтасынан өтеуі тиіс. Сондай-ақ, өзге елге жұмысқа жіберу үшін оған Көші-қон қорынан берілетін субсидия да толық көлемде мемлекетке қайтарылуы қажет.

Заң талабын сақтамай, елге депортацияланған өзбекстандықтар 1 жыл бойы дамыған мемлекеттерге қажетті жұмыс күшін іріктеу бағдарламасына да қатыса алмайды.

Еске сала кетейік, таяуда АҚШ-тағы өзбекстандық мигранттар әуелі Коста-Рикаға депортацияланып, кейін Отанына оралған еді.

Соңғы жаңалықтар