Депутат елімізде орман қорғау саласындағы кемшіліктерді атады

 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірі сусыз қалуы мүмкін – Еділ Жаңбыршин
Фото:

АСТАНА. KAZINFORM — Орманды автоматты режимде бақылайтын жүйені еліміздің барлық өңірінде енгізу керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде орманды қорғау тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

«Кейінгі екі жылда Қазақстан аумағында екі өте ірі орман өрті болды. 2022 жылы Қостанай облысының аумағында орын алған өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртса, былтыр Абай облысында болған өрт 63 мың гектар орман алқабын жойды. Былтыр қыркүйек айында Мемлекет басшысы экология министріне ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктерде орман өрттерінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тездетіп енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі баяндамалардан Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар басталғанын көріп отырмыз. Алайда, осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін таптыды деп айту қиын. Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттердің қайталануы әбден мүмкін», - деді Е. Жаңбыршин. 

Оның айтуынша, өртке қарсы күресудің әлемдік озық тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өрттің шығуын ерте анықтау және оған шұғыл ден қою, өртті жедел әрі уақтылы сөндірудің бірден-бір мүмкіндігі саналады.

«Үкімет сағатына дайындық аясында Комитетіміздің бір топ депутаты тәулік бойы орманды автоматты режимде бақылайтын орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне бардық. Жүйені енгізу соңғы 3 жылда (2020-2022жж.) өрттер ауқымын 4 есеге (84,4 гектардан 20,4 гектарға дейін), өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есеге (30 минуттан 10 минутқа дейін) төмендетуге мүмкіндік берген. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оларды заманауи талапқа сай жетілдіру керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық ормандарда енгізілмеген. Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа Үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруы қажет», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, ормандағы өрт қауіпсіздігі аясында анықталған жүйелі кемшіліктер қатарында орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету әлі де өзекті және шұғыл шешуді қажет етеді.

«Бүгін Мәжілісте ұсынылған ақпарат бойынша біз өрт сөндіру арнайы көліктерінің паркі мен орман шаруашылықтары жабдықтарының сын көтермейтініне көз жеткіздік. Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмады. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Осының салдарынан 2023 жылы орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға қорық дайын болмай шықты. Прокуратураның мәліметі бойынша Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылықтарын жабдықтау 40% деңгейінде. Қазіргі кезде 6,8 миллиард теңге қажет ететін 2 260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдықтар қажет, 44 өрт сөндіру бекетінің бесеуі техниканың бұзылуына байланысты жұмыс істемей тұр», - деді Еділ Жаңбыршин.

Оның пайымынша, орман өрттерін, ағаштарды заңсыз кесу мен браконьерлік фактілерін анықтау мақсатында ормандарды бақылау күзеті үшін пилотсыз ұшу аппараттарын жаппай пайдалануды енгізу қажет.

Соңғы жаңалықтар