Депутат: Қазақстанның картоп экспортын шектеуі Ресейге пайдалы болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, кез келген өнімнің экспортын шектеу туралы шешімді Мәжіліспен ақылдасып қабылдауды ұсынды. 

Аманжол Әлтай
Фото: А. Әлтайдың жеке мұрағатынан

— Фермерлер картопты экспорттауға жоспарланған шектеулер туралы депутаттарға шағымданып жатыр. Үкімет мүшесінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесі бірден теріс реакцияға себеп болуы мүмкін. Біздің Өзбекстаннан келген негізгі «сатып алушыларымыз» мәмілелерді тоқтатады, вагондарды жеткізуде проблемалар туындайды, Мемлекеттік кірістер комитеті мен мемлекеттік органдар фитосанитариялық құжаттарды беру бойынша әртүрлі сылтаулармен экспортты тежейді. Биыл 20% өсіммен 2,9 млн тонна картоп өсірілді. Көрші Ресейде де жоғары өнім алынды. Екі елдің негізгі өнім сатып алушысы — Өзбекстан. Егер біз қазақстандық картоптың экспортын жауып тастасақ, кімнің ұтылатыны айтпаса да түсінікті, — деді ол.

Депутаттың пайымдауынша, картоп экспортына тұсау салу фермерлердің табысын төмендетіп қана қоймай, несиелерін жабуға, жұмысшылардың жалақысын төлеуге теріс әсерін тигізеді.

— Картопты экспорттауға тыйым салуды объективті қарау үшін фермерлер мен басқа да бизнес субъектілерінің қоймаларында картоптың болуына мониторинг жүргізу керек. Қазақстандық өнім түріндегі ықтимал кері экспортты ескере отырып, Ресей Федерациясынан және басқа елдерден картоптың әкелінуі мен транзитіне талдау жүргізуді ұсынамыз.

Өнімді экспорттау кезінде шектеулер енгізу жөнінде әрбір шешім қабылдағанға дейін Парламент Мәжілісінің салалық комитетінде мәселені тыңдау жүргізілсін, — деді Аманжол Әлтай.

Депутат айтқан Үкімет мүшесі — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Ол БАҚ өкілдеріне ішкі нарықты тапшылық байқалса, картоп экспортына тыйым салынатынын айтқан еді

Соңғы жаңалықтар