Депутат ЖОО-лардағы білім сапасы турасында: студенттер іс жүзінде сабаққа қатыспай жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі сапасыз білім беретін университеттерді бақылау мәселесіне қатысты ұсыныс айтты.

студент
Фото: Huawei компаниясы

— Соңғы жылдары жоғары және орта білім беру жүйесінде дабыл қағатын жағдайлар болып жатыр. Кейбір жекеменшік университеттерде, колледждерде студенттерді ресми тіркейді, бірақ әрі қарай «студент оқу үдерісіне қатысып жатыр ма», «оқу бағдарламасын меңгеріп жатыр ма» — бұл жағынан білім беру мекемесі салғырттық танытып отыр. Бұл ретте, студенттер оқуға қабылданғандар тізімінде болғанымен, іс жүзінде сабақтарға қатыспайды немесе бағдарламаларды аяқтамайды, бірақ дипломдарын маман болып шықты деп кедергісіз алып жатыр. Болашақта мұндай қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар жетістікке жете қояды деп сену қиын. Керісінше, өмірін жеңілдетемін деп кейін жұмыссыздық нарығын толтырып, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының көмегіне тәуелді болып қала ма деген күдік бар, — деді Әбутәліп Мутәлі Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, уәкілетті органның мәліметі бойынша соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасы тоқтатылған. Демек, саладағы жүйелі құқық бұзуды жою мен бақылау тетіктерін күшейту бойынша тиянақты жұмыс қажет. Бүгінгі жағдайда білім беру сапасын бақылаудың дәстүрлі әкімшілік тетіктері жеткіліксіз. Цифрландыру дәуірінде білім беру саласында қалам мен қағазбен жұмыс істеу ұтымсыз.

— Аралық және қорытынды емтихандар мен аттестацияларды цифрландыру ерекше маңызға ие. Прокторинг пен жеке басты сәйкестендіруді пайдалана отырып, осы рәсімдерді цифрлық форматта жүргізу білім беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық немесе субъективті тәуекелдерді азайтады, нәтижелерді автоматты түрде тіркейді және бағалауды қолдан өзгерту мүмкіндігін болдырмайды. Университеттердің әділетсіз тәжірибесіне цифрлық тосқауыл қоюымыз керек. Мемлекет ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес озық білім беру жағдайларын жасауы қажет. Дәл осы цифрлық аттестаттаудың объективті нәтижелері білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру және кадрларды даярлау сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту үшін негіз болуға тиіс, — деді депутат.

Оның пайымынша, қолданыстағы білім беру стандарттары мен бақылау тетіктері қазіргі цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін ескермейді. Осыған байланысты көптеген жоғары оқу орнында білімді тексеру формалды болып қала береді және мамандарды даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз етпейді.

— Жоғарыда айтылғандарға байланысты Үкіметтен жасанды интеллект базасында прокторингті, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіруді және талдамалық жүйелерді, сонымен қатар жоғары оқу орындарында білімді бақылаудың цифрлық технологияларын міндетті түрде пайдалана отырып, жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етуді және «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» енгізуді сұраймыз. Мұнымен қоса, нақты мерзімдері, жауапты тұлғалары және енгізу тиімділігін бағалау көрсеткіштері бар жоғары оқу орындарында оқу процесін бақылаудың және аттестаттау рәсімдерінің цифрлық құралдарын енгізудің жол картасын әзірлеуді сұраймын, — деді Әбутәліп Мутәлі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі бес жылда сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының саны 16-ға қысқарды.