Депутаттар Құрылтайдың сегіз комитетін бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың жалпы отырысында тұрақты комитеттердің саны мен атауы нақтыланды. 

Депутаттар Құрылтайдың сегіз комитетін бекітті
Фото: Ақорда

ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңның 35-бабының 1-тармағына сәйкес, Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің саны сегізден аспауы тиіс.

Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Құрылтай құрамын сегіз комитеттен құруды ұсынды:

  • Бірінші — Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті
  • Екінші — Әлеуметтік-мәдени даму комитеті
  • Үшінші — Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті
  • Төртінші — Қаржы және бюджет комитеті
  • Бесінші — Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті
  • Алтыншы — Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті
  • Жетінші — Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті
  • Сегізінші — Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті.

Дауыс беруге 144 депутат қатысты және 142-сі жақтады. Шешім қабылданды.

Бұған дейін Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланған еді.

Сондай-ақ Құрылтай төрағасының орынбасарлары да анықталды.