Деструктивті контентпен күрес: онлайн платформаларға жауапкершілік жүктеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Интернеттегі деструктивті контентпен күресуде қандай іс-шаралар жүзеге асырылады? Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді. 

Деструктивті контентпен күрес: онлайн платформаларға жауапкершілік жүктеледі
Фото: Freepik

— Біз құқыққа қайшы контентке тосқауыл қою бағытында TikTok, Telegram, Meta және YouTube компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан аумағында осы әлеуметтік желілердің заңды өкілдері тағайындалды. Атап айтқанда, интернеттегі құқықтық теңгерімді нығайту мақсатында бірқатар түзету енгізуді ұсынып отырмыз, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл тұрғыда деструктивті контентті жою туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің нұсқамасын орындамағаны үшін онлайн платформа иелеріне немесе олардың заңды өкілдеріне жауапкершілік енгізу пысықталып жатыр. Нұсқаманы орындамағандарға әкімшілік айыппұл салу ұсынылды, яғни бірінші рет 200 АЕК-ке дейін, ал қайталанған жағдайда 400 АЕК -ке дейін айыппұл жазылады.

— Қажет болған жағдайда, деструктивті контентті тарататын онлайн платформаларға трафикті азайту шаралары қабылданады. Екіншіден, Қазақстанда онлайн платформалардың толыққанды өкілдіктерін тіркеу бойынша міндеттемелерді белгілеу ұсынылды. Сонымен қатар онлайн платформаларда әдепсіз сөздерді айтқан немесе жазған интернет пайдаланушыларға да жауапкершілік жүктемек, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында. 

Еске салсақ, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрімізге жат діни наным-сенім мен мәдениет туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар