Дэвис кубогының іріктеу турнирі: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогының Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға шықты.

Дэвис кубогы
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандықтар D тобындағы екінші матчында Пәкістан құрамасын 3:0 есебімен жеңді.

Әуелі жекелей сында Аңсар Ниетқалиев Абубакар Талхеден айласын асырды – 7:5, 6:1.

Ізінше Ахмади Мақанов Мухаммад Хассан Усманиды қапы қалдырды – 6:2, 6:0.

Жұптық кездесуде А.Мақанов – Родион Трайгель пәкстандықтар Зохаиб Афзал Малик – А.Талхиды ұтты – 7:6 (7:4), 6:3.

Осы топта жарыс фавориттерінің бірі Оңтүстік Корея Түрікменстан құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Дэвис кубогы
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

 

Сәрсенбі күні қазақстандық жасөспірімдер Оңтүстік Корея теннисшілерімен шеберлік байқасады. Егер жеңген жағдайда өз тобынан бірінші орынмен шығып, ширек финалда А немесе В тобында екінші сатыға орныққан командамен (Гонконг немесе Өзбекстан) кездеседі. Ал екінші орын алған жағдайда ¼ финалда фавориттер – Жапония немесе Аустралияның біріне тап болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.