Диастазды үй жағдайында қалпына келтіруге болады – гинеколог
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде босанған әйелдер арасында диастаз диагнозы жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, іштің алға шығып тұруы, адамның арық болса да ішінің үлкен болып көрінуі, кіндік тұсының томпаюы медицинада «диастаз» деп аталады.
Іштің созылыуын қалпына келтіруге бола ма? Диастаздың асқынуы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға гинеколог Айжан Ахметжанова Jibek Joly арнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасына берген сұхбатында жауап берді.
– Қазіргі таңда диастаз әйелдер арасында жиі тіркеледі. Оның негізгі себебі – жүктілік кезеңінде бөлінетін релаксин гормоны. Бұл гормон жатырдың ұлғаюына байланысты іштің алдыңғы тік бұлшықеттерін созады. Егер босанғаннан кейін алты айдан бір жылға дейін бұлшықеттер толық қалпына келмесе, диастаз тұрақты күйде қалып қоюы ықтимал. Бұл мәселе ерлерде де кездеседі. Ол артық салмақ, арқа бұлшықеттерін дұрыс ұстамау, сондай-ақ ауыр физикалық еңбек салдарынан пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда алдыңғы тік бұлшықеттерге шамадан тыс күш түсіп, олардың ажырауына әкеледі, - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, диастаз деңгейін үйде өз бетімен тексеруге болады. Ол үшін шалқадан жатып, саусақпен кіндік тұсындағы ақ сызық бойын басып көреді. Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы да нақты диагноз қойылады.
– УДЗ нәтижесінде тік бұлшықеттер арасындағы ажырау қашықтығы анықталады. Егер ажырау 2 сантиметрден асса – орташа деңгей, ал 5 сантиметрден жоғары болса – ауыр деңгей деп бағаланады. Көбіне диастаздың орта және ауыр дәрежесінде асқыну ретінде медициналық жарық пайда болуы мүмкін. Егер жарық қапшығының ішінде тіндердің қысылып қалуы немесе некроз белгілері анықталса, мұндай жағдайда хирургиялық ем – операция жасау қажет болады, - деді Айжан Ахметжанова.
Осы тұста маман диастазды өздігінен қалпына келтіруге болатынын айтты. Бұл ретте үй жағдайында жаттығуларды дұрыс әрі жүйелі орындау керек.
– Көп жағдайда ішті жию үшін жасалатын классикалық пресс жаттығулары керісінше әсер беріп, бұлшықеттердің одан әрі ажырауына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, бел аймағына күш түсіретін жаттығулардан сақ болу қажет. Диастаз кезінде диафрагмалық тыныс алу жаттығулары тиімді саналады. Бұл әдіс іштің терең бұлшықеттерін белсенді жұмысқа қосып, оларды біртіндеп қалпына келтіруге көмектеседі. Тыныс алу барысында іш толықтай ішке тартылуы тиіс. Сондай-ақ қыз балаларға жүктілікке дейін тұрақты түрде спортпен айналысқаны дұрыс. Себебі бұрыннан жаттыққан бұлшықеттер жүктілік кезінде де серпімділігін сақтап, босанғаннан кейін тезірек қалпына келеді. Ал босанғаннан кейін жаттығуды бірден және өз бетінше бастау кей жағдайда іштің төменгі бөлігінде бұлшықеттің үйіліп қалуына әкелуі мүмкін. Бұл – жаттығудың дұрыс орындалмай жатқанын көрсететін белгі, - дейді гинеколог.
Еске сала кетейік, жақында эпилепсия дерті жайлы да жазған едік.