Digital Qazaqstan Awards 2026: Қазақстанда үздік цифрлық жобалар анықталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы аясында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған ұлттық Digital Qazaqstan Awards сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

ыц
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Биыл байқауға 345 өтінім қабылданып, оның 162-сі финалға өткен. Жеңімпаздар бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде анықталды: алдымен жобалар жасанды интеллект көмегімен сараланып, кейін сарапшылар алқасының шешімімен бекітілді.

Сыйлық келесі номинациялар бойынша табысталды:

Best AI Government Services – мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен бақылауға арналған Alaqan цифрлық платформасы. Марапатты Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев табыстады.

Best Industrial AI Project – өндірістік қауіпсіздік пен операциялық үдерістерді басқаруға арналған Fractal платформасын ұсынған Aspans жобасы. Сыйлықты «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин тапсырды.

Regional AI Transformation – өңірлерде бизнес пен білім беру саласына жасанды интеллект енгізу экожүйесін дамытқан Ikigai Promotion жобасы. Марапатты «Alageum Electric» КТ директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов табыстады.

AI for Social Impact – балалардың психоэмоционалдық жағдайын бақылауға арналған «HR+» жүйесін жасаған Codo жобасы. Сыйлықты Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова тапсырды.

Best AI Startup – агрессивті мінез-құлық белгілерін анықтайтын бейнеаналитика жүйесін әзірлеген Protector AI стартапы. Марапатты Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов табыстады.

Айта кетейік, 27 наурызда Шымкент қаласында Digital Qazaqstan 2026 форумы өтіп жатыр. Биылғы тақырып – «Industry 5.0: Ынтымақтастық қуаты».

Форумды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырды.

Еске салайық, Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы алғаш рет Қазақстанда өтетіні хабарланды.