Дихандарға арналған арзан дизель коммерциялық мақсатта сатылған – Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат – Дихандарға арналған арзан дизель коммерциялық мақсатта сатылған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дихандарға арналған арзан дизель коммерциялық мақсатта сатылған – Бас прокуратура

«Прокуратура органдары ауыл шаруашылығы тауарларын өдірушілер үшін күзгі дала жұмыстарына арзандатылған отынды мақсатты пайдалану бойынша тексеріс іс-шараларын ұйымдастырды. Нəтижесінде бүгінгі күні оны коммерциялық мақсатта пайдалану фактілері анықталды.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысында өңірлік оператор – «Батыс Жер» ЖШС өз жанар-жағар май құю станцияларының желісі арқылы 2 982 тонна көлемінде жеңілдетілген отынды сатқан. Аталған факті бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 221-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Бұл жұмыс жалғасатын болады», - деді Бас прокурор жауабында.