Димаш Құдайберген Stranger концерті туралы деректі фильмнің трейлерін қашан жариялайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өткен Stranger концертіне арналған деректі фильмнің трейлері жақын күндері жарияланатынын мәлімдеді.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілік концерттің өзін көргенімен, оның сахна сыртындағы дайындығы мен оған дейінгі ұзақ жол беймәлім болып келгенін айтты.
– Жастайымнан маған ер адам үшін мұндай жоғары вокалдық диапазонның ерекше құбылыс екенін жиі айтатын. Жылдар өте мен туралы түрлі теориялар мен болжамдар пайда болды. Біреулер мені продюсерлердің жобасы деп қабылдаса, енді біреулер табысымның артынан түрлі ықпалды адамдарды іздеді. Алайда сол уақытта біз бұл жолды өзіміз жүріп өтіп, өзіміз жасап жаттық, – деп жазды Димаш Құдайберген.
Әншінің айтуынша, бұл жолы ол алғаш рет камераларға өзі мен отбасысы және командасы ғана білетін сәттерді түсіруге мүмкіндік берген.
Фильмде дайындық барысы, сахна сыртындағы өмір, толғаныс пен күмән, үлкен жауапкершілік және осы уақытқа дейін көпшілікке көрсетілмеген оқиғалар қамтылған.
– Бұл фильм әлдекімдердің мифтері мен жорамалдары туралы емес. Бұл – шын мәнінде не болғанының көрінісі. Өмірімдегі ең маңызды концерттердің біріне дейінгі күндер мен айлар туралы. Арманның тарихқа айналған сәті туралы сыр шертеді, – деді ол.
Димаш Құдайбергеннің хабарлауынша, деректі фильмнің ресми трейлері 8 маусым күні сағат 18:00-де жарияланады.
Айта кетейік, Мадридте Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.