Димаш Құдайберген жанкүйерлерін жаңа жобамен қуантты

АСТАНА. KAZINFORM — Әнші Димаш Құдайберген Instagram әлеуметтік желісіне жазба жариялап, жанкүйерлерін қуантып қойды. 

Димаш Құдайберген жанкүйерлерін жаңа жобамен қуантты
Фото: Видеодан алынған кадр

— Жақын арада таныстыратын жаңа жобалар қарсаңында, досым Ғалым Асылов түсіріп жатқан фильмнің түсірілім алаңына баруды жөн көрдім. Ол соңғы жылдары менің бірнеше музыкалық бейнебаянымды түсіріп, көрермендердің ықыласына бөленген болатын. Бүкіл түсірілім тобына табыс пен сәттілік тілеймін, — деп жазды Димаш.

Димаш Ғалым Асылов ең жақсы көретін режиссерлердің бірі екенін айтты.

— Қазір бауырым әрі досым толықметражды көркем фильм түсіріп жатыр. Жуырда туынды кинотеатрларда көрерменге жол тартады. Фильм «Таймас» деп аталады. Осы маңызды жобамен құттықтаймын, — деді әнші.

Димаштың жанкүйерлері жаңа жобаны асыға күтетінін жазып, қолдау білдірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген Нұржас Садырбаевпен ерекше коллаборация болатынын айтып, жаңа жоба басталғанын мәлімдеген еді.