Димаш туралы ақпараттың аздығына Қытайдағы жанкүйерлері алаңдаулы
Ғаламторда «Димаштың Қытайда тағы біраз қалғаны дұрыс еді» атты форум ашылып әншінің қытайлық жанкүйерлері онда осы тақырып бойынша өз пікірлерін жазды . Желі қолданушылары Димаштың танымалдылығы бәсеңдеп қалмаса игі еді деп болашағына алаңдаушылық білдірді.
«Қытайда қазақстандық және қытайлық жанкүйерлер Димаш туралы ақпараттарды дер кезінде біліп отырды. Ал Қазақстанда қытай түгілі, қазақ жанкүйерлердің өзі Димаштың не істеп жүргенін білмейді. Жалпы алғанда, Қытайдың ақпарат тарату әлеуетінің Қазақстаннан күшті екенін осыдан білуге болады», - деп жазды love2015season есімді қолданушы.
«Бұл екі елдің шоу-бизнесінің жер мен көктей айырмашылығын білдіреді. Қазақстанның шоу бизнесі Қытайдағыдай жолға қойылмаған, ондағы «Dears» (Димаштың жанкүйерлері) саны аз. Димаш елге оралғанда мемлекеттік деңгейде жақсы қарсы алып еді, бірақ одан кейін бір апта өтті, еш хабар жоқ», - деп жазды Dryad есімді қолданушы және ол: «Димаш енді ғана танылып келеді, егер ол бір апта бойы жұрт назарынан тыс қалса, осыған дейін жинаған атақ-абыройы жоғалып кетуі мүмкін. Тұтас бір апта бойы жаңалық лентасында көрінбеген жұлдызды фанаттар күтіп отырады деймісің? Олардың назарын басқа жұлдыздар аударып әкетеді. Осыған менеджерлер көңіл бөлуі тиіс», - деп өз сөзін толықтырды.
Өзін LL деп таныстырған қолданушы қазақстандық фанаттардың да алаңдап отырғанын жеткізді: Ха-ха, мына суретті көріп күлдім. Қытайлық фанаттар ғана хабарсыз қалды десем, қазақстандық фанаттардың да жағдайы мәз емес екен.
«Қазақстанда Димаштың жүріс-тұрысы, киімі, танылуы, имиджімен айналысатын команда жоқ секілді. Бар болса да, Қытайдағыдай болмайтын тәрізді», - деп жазды Dryad. Оған қолданушы momowx77 жауап берді:
«Мүмкін, солай болар. Димаштың ата-анасы өз сұхбаттарында Димаштың фан-парақшасы жоқ екенін, тек өздерінің парақшасында ғана ақпарат жарияланатынын айтқан еді».
Dryad: Қытайлық жұлдыздардың күн тәртібі бірнеше ай бұрын белгіленіп, жаңалықтар жоспарлы түрде уақытымен шығып отырады. Ал Қазақстанда Димаштың жұмыс кестесі жоқ секілді. Бір апта бойы Димаш туралы елең еткізер ақпарат көрмедік, - деп сынға алды.
Айта кетейік, Қытайда жанкүйерлік мәдениет жақсы дамыған. 2000 жылдары оңтүстік-шығыс Азияға әйгілі анші, актер Лиу Де Хоамен кездесу үшін қытайлық қыз өз баспанасын сатып, Гонконгқа барған және бұл қадамға ешқашан өкінбейтінін, кумиріммен жүздессем деген арманының орындалғанын айтқан. Димашты да қытайлық жанкүйерлері таң қалдырудан жалықпады. «Мәңгі сүйіп өтемін» ұғымын білдіретін 1314 раушан гүлін, Димаштың атымен үй сыртын безендіруін, арнайы Қазақстаннан Димашқа тамақ әкеп бергендерін атап өтпеуге болмайды.
Бұған дейін, «Guardians护卫队» қытайлық жанкүйерлер тобының Димаштың туған күнін Астанадағы үлкен LED экрандар арқылы құттықтайтыны, онда жанкүйерлер дайындаған арнайы фильмнің көрсетілетіні хабарланды.
29 наурызда «迪玛希Dimash全球后援会» (Димаштың әлемдік жанкүйерлері тобы) қытайлық 101 FM радио медиа орталығы жариялаған бәйгеде Димашқа көп дауыс жинап, Димаштың бейнесі Нью-Йорк қаласының орталық Манхэттен ауданында орналасқан Тайм Сквер алаңындағы үлкен LED экранында көрсету құрметіне ие болды.
2 сәуірде «Dearest迪玛希公益站» (Димаш қайырымдылық тобы) қытайдың Тиянжин қаласындағы «SOS» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қаражат жинап, Димаштың атынан материалдық көмек жасады.
11 сәуірде Шанхай қаласының тұрғыны Димаш Құдайбергеннің «Singer2017» ән байқауының бірінші кезеңінде киген сахналық киімін 158 890 юаньға (7,2 миллион теңге) сатып алған. Сатып алушы өзінің weibo жеке парақшасында (@SophieSSJ1115) Димашқа және өзі сияқты барлық жанкүйерлерге алғыс айтты. Өзінің шығарған ақшасының көмекке зәру балалардың жағдайын жақсартуға жұмсалатынына қуанышты екенін, сондай-ақ, Димаштың қытайдағы бірінші сахналық киімінің әнші үшін айрықша маңызды деп ойлайтындығын және киімді Димашқа қайтарып беретінін мәлім еткен.
«迪玛希海外资源原博» тобы Димаштың, Алпамыстың және ата-анасының инстаграмдағы жаңалықтарын дер кезінде қазақ тілінен қытай тіліне аударып отырады. Сондай-ақ, ҚазАқпараттың Димаш туралы қазақша, орысша және қытайша ақпараттарымен бөлісіп отырған.