Димашқа арналған ерекше LEGO-портрет: әнші жас авторларға алғыс айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Димаш Құдайберген Ақтөбеде әртістің өзіне арналған ауқымды LEGO-портретті жасаған оқушылармен кездесті, деп хабарлайды dimashnews.
Димаш Құдайберген шығармашылық іссапармен Ақтөбе қаласына барды. Өнер иесі «Шұғыла» балалар лагеріне барып, өзіне арналған көлемді LEGO-жобаны жүзеге асырған оқушылармен жүздесті.
Димаш жобаға қатысқан бес оқушыға алғыс ретінде аталған лагерьге жолдама тарту етті. Табиғат аясындағы таза ауа, спорттық белсенді іс-шаралар, тәжірибелі тәлімгерлер мен достыққа негізделген атмосфера балалардың демалысын есте қаларлықтай етеді деген сенім білдірілді.
Жобаның идеясы мектептегі робототехника үйірмесі аясында туындаған. Оқу жылының соңында оқушылар дәстүрлі түрде қорытынды жұмыстарын ұсынатын болса, бұл жолы жеке емес, ұжымдық жоба әзірлеу жөнінде шешім қабылданған. Идея бастамашысы, педагог Жаналы Мақаттың айтуынша, оқушыларға шабыт беретін, үлгі тұтатын тұлға ретінде Димаш Құдайбергеннің бейнесі таңдалған.
— Димаш Құдайбергенмен бір ауданда өскендіктен, оның шығармашылық жолын жақсы білемін. Сондықтан оқушыларға осындай үлкен портрет жасау туралы ұсыныс білдірдім. Бұл идея балалар тарапынан зор қызығушылық тудырды, — деп атап өтті робототехника үйірмесінің жетекшісі.
Жоба төртінші сынып оқушыларымен бірлесіп жүзеге асырылды. Жұмыс басталмас бұрын оқушылар әншінің өмірбаяны мен шығармашылық жетістіктерімен танысып, болашақ композицияның нобайын әзірлеп, LEGO-ның конструкциясын жоспарлады. Негізгі жұмыстарды педагогтердің жетекшілігімен оқушылар өздері жасады.
Жобаны жүзеге асыру барысында мектеп қорындағы материалдар пайдаланылып, жетіспейтін LEGO бөлшектері Ақтөбе қаласындағы «Келешек» мектептері желісі мен қалалық білім бөлімінің қолдауымен қамтамасыз етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба мұқият үйлестіру мен ресурстарды нақты жоспарлауды талап еткен. Нәтижесінде ені шамамен 1,5 метр, ұзындығы 2,5 метр болатын көлемді композиция жасалды.
Жобаны іске асыруға шамамен бір апта уақыт жұмсалды. Оқушылар педагогтердің бағыт-бағдар беруімен бөлшектердің орналасу орындарын белгілеп, құрылым элементтерін жүйелеп, кейін оларды бірлесе құрастырып, түзетулер енгізіп отырды. Бұл ұзақ уақыт пен аса ұқыптылықты қажет еткен еңбек болды.
Педагогтердің пікірінше, мұндай жұмыс балалардың моторикасын, зейіні мен топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ерекше ықпал етеді.
Бұдан бұрын Димаш туған жері Ақтөбеде клип түсіретінін жазғанбыз. Сонымен қатар әнші өзі оқыған мектебіне барып, ұстаздарын қуантқаны хабарланды.