Димаштың «AQERKE» әні халықаралық жазғы хит-парадтың үздік үштігіне енді
АСТАНА. KAZINFORM – Димаш Құдайбергеннің «AQERKE» композициясы халықаралық Channel R Radio радиостанциясы ұйымдастырған #UltimateSummerCountdown жазғы қорытынды рейтингінде үшінші орын алды, деп хабарлайды DimashNews.
Channel R – заманауи танымал музыка мен жаңа музыкалық релиздерге маманданған, тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн-радиостанция. Ол жарнамасыз хабар таратып, мобильді қосымшасы, сондай-ақ iHeartRadio, Audacy, TuneIn және Apple Music секілді стримингтік платформалар арқылы әлем тыңдармандарына қолжетімді.
#UltimateSummerCountdown жазғы рейтингі жаһандық тыңдармандардың дауыс беруі негізінде жасалған. Қорытынды тізімге барлығы 20 композиция енді.
Дауыс беру 3 қыркүйекте аяқталып, оның нәтижесі 5 қыркүйекте жарияланды.
– Дауыс беру қорытындысы бойынша Димаш Құдайбергеннің «AQERKE» әні рейтингте үшінші орынға ие болды. Осылайша, композиция Channel R халықаралық аудиториясының бағалауы бойынша жазғы маусымдағы ең танымал үш әннің қатарына енді, – делінген ақпаратта.
Рейтингтегі әр композицияның орны Channel R радиосын әлемнің әр түкпірінен тыңдайтын аудиторияның берген дауыстары негізінде анықталды.
Айта кетейік, Мексикадағы Dears қауымдастығына Димаш туралы 60 кітап табысталды.