Дина Таңсәрі Черногориядан баспана сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — 15 сәуірде экстрадициялау рәсімі аясында Черногория соты Дина Таңсәріні оның Черногориядан баспана сұрап қаралмаған өтінішіне байланысты қамаудан босатты, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

— Қазақстан Республикасы мен Черногория Республикасы арасында беру туралы халықаралық шарт болмағандықтан, оны экстрадициялау туралы шешімді Черногорияның құзыретті органдары ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды, — деп хабарлады Бас прокуратура.
Сондай-ақ ведомствода Қазақстанда Дина Смайыловаға (Таңсәрі — ред.) қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімі тоқтатылғанын атап өтті.
Еске сала кетсек, 2023 жылы 27 желтоқсанда Ішкі істер министрлігі құқық қорғаушы, «Не молчи» қорының басшысы Дина Таңсәріге іздеу жариялады.
Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. Оның ішінде екі іс — алаяқтық бойынша.
Бұған дейін Дина Таңсәрінің Черногорияда ұсталғанын, оның Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін екенін хабарлаған едік.
Кейіннен Черногория билігі Дина Таңсәріні қамаудан босатқанын жазған болатынбыз.