«Дипломмен - ауылға» мемлекеттік жобасы 17 мыңнан астам жас маманның баспаналы болуына көмектесті

Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, оның дамуы үшін білімді жас мамандарды тартуды көздейтін «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік жобасы жастарға жаңа мүмкіндіктер беруде. Ауыл тынысына өте маңызды салалар - денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік сақтау, ветеринария саласындағы білікті мамандарға арналған бағдарлама ауылға жұмыс істеуге келген жастарға басқа қолдау түрлерімен қатар, баспаналы болуға көмектеседі.
Бағдарлама Президент бастамасымен 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға бюджеттік несиелерді беру бойынша сенім білдірілген өкіл (агент) - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Жалпы, бағдарлама басталғалы бері Қор арқылы 17 428 жас маманға 35,8 млрд. теңгеге қаржылай қолдау көрсетілді. Ағымдағы жылдың өзінде 810,3 млн. теңгеге 335 жас маман несие алып, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Көш басында Алматы облысы тұр, онда 2010 жылдан бастап 2157 жас маманға баспаналы болуға несие берілген, екінші орында - 2089 жасқа қаржылай қолдау көрсеткен Қызылорда облысы, ал үшінші орынға 1805 көрсеткішімен Батыс Қазақстан облысы тұрақтады. Кейінгі сатыда Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары жастары белсенділік танытуда.
Бағдарлама шарты несиенің ұзақ мерзімге - 15 жылға, әрі өте төмен пайызбен - 0,01% берілуі жастар арасында «Ауылдық ипотекаға» деген қызығушылығын тудырып отыр.
Осылайша, 2014 жылы Орал қаласындағы «Мақсат» медицина колледжін тамамдап, туған ауылына дипломымен оралған Гүлайна Халелова да - «Ауылдық ипотека» арқылы баспаналы болған жас маманның бірі. Қазірде Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасында қызмет ететін ол, оқуын бітіре сала бұл бағдарламамен туған ауылына оралуды жөн көреді. Өз ойындағы үйді таңдап, жылдық 0,01 пайызбен 2,7 млн. теңгені 15 жыл мерзімге алған Гүлайна Халелова, оның өмірлік жолында бұл бағдарламаның үлкен қолдау болғанын айтты.
«Жаңадан жұмысқа тұрған маманға ешкім де бірден несие бермейді, әрі мұндай аз пайызбен арзанға үйді ала алмайсың», - дей келе, қазірде айына 15 мың теңге төлейтінін, әрі бұл сома оған еш қаржылық қиындық туғызбайтынын қуана жеткізді. «Қазір отбасымның қасында, туған ауылымның дамуына үлесімді қосып жатқаныма қуанамын әрі қалған үш бауырым да жаңа үйімізге риза. Бағдарлама арқасында қазір өзіме ұнайтын жұмысым да бар, баспанам да бар», - дейді жас маман.
Оқу жылы аяқталып, ауылды көркейтуде еңбек ету таңдауын жасаған жастарға Қордың еліміздің барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ, Астана, Алматы, Семей қалаларында орналасқан филиалдары жұмыс жасайды. Толық кеңесті жергілікті аудандық әкімдіктер қызметкерлері де бере алады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы. 2007 жылдан бастап «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ құрамына кіреді. Қордың миссиясы - ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, ауылды жерлерде тиімді шағын несиелеу жүйесін дамыту арқылы халықтың хал-ауқатын арттыру.