Disney компаниясы бүкіл әлем бойынша қызметкерлерін қысқартып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Disney компаниясы кино, теледидар және қаржы бөлімдерін қоса алғанда, бүкіл әлем бойынша бірнеше жүздеген қызметкерін жұмыстан шығаратынын мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Дисней
Фото: Азертадж

BBC-дің хабарлауынша, ойын-сауық индустриясының алыбы кабельдік теледидарға жазылушылар санының азаюы және стримингтік платформаларға көшуінен қысымға ұшырап жатыр.

— Біздің индустрия тез өзгеріп жатқандықтан, біз тұтынушылар жоғары бағалайтын заманауи шығармашылық пен инновацияны қолдай отырып, бизнесті тиімді басқарудың жолдарын үнемі қарастырып келеміз, — деді компания өкілі BBC-ге берген сұхбатында.

Бұл қысқарту — Disney компаниясы бас директоры Боб Игердің 5,5 миллиард доллар үнемдеуге бағытталған жоспары аясында 2023 жылы 7 мың қызметкерді жұмыстан босатқаннан кейінгі кезекті толқын.

Қысқарту компанияның көптеген бөлімшесіне, соның ішінде кино мен теледидар салаларындағы маркетинг, кастинг, жобаларды дамыту және корпоративтік қаржы бөлімдеріне әсер етеді.

— Біз бұл шешімді жедел қабылдадық, жұмыстан босатылған қызметкерлердің санын барынша азайтуға тырыстық, — деді Disney өкілі. 

Алайда, компания бірде-бір бөлім толық жабылмайтынын атап өтті.

Калифорниялық компанияда бүгінде 233 мың адам жұмыс істейді, оның 60 мыңнан астамы — АҚШ аумағынан тыс жерлерде. Disney ойын-сауық индустриясындағы Marvel, Hulu және ESPN сияқты көптеген компанияның иесі.

Мамыр айында Disney алғашқы үш айдағы табысы күткеннен жоғары болғанын хабарлады: жалпы табыс — 23,6 млрд доллар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Компания мұны Disney+ стримингтік қызметіне жаңа жазылушылар санының артуымен байланыстырды.

Биыл Disney бірнеше жаңа фильм шығарды, соның ішінде «Капитан Америка: Жаңа батыл әлем» және «Ақшақар». Алайда «Ақшақардың» көркем фильм ремейкі көрермендер тарапынан күткендей жылы қабылданбады, көптеген теріс пікірге тап болды.

Ал Disney-дің соңғы туындысы — «Лило мен Стич» АҚШ-та өткен демалыс күндері кассалық табыс бойынша рекорд орнатты. Box Office Mojo дерегінше, мамырда шыққан бұл мультфильмнің әлемдік сатылымы 610 млн доллардан асты.

Бұған дейін елордада «Жібек жолы» деген атаумен Диснейленд салынатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар