Елордада Диснейленд салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Жібек жолы» деген атаумен Диснейленд салынады. Бұл туралы «Astana Invest» басқарма төрағасының орынбасары Орынбек Қуанышпен «ULKENBAY» компаниясының өкілдерімен кездесуінде белгілі болды.
Instagram-дағы architecture_astana парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Шанхайдағы Диснейлендке балама аттракциондар паркі Қазақстан мен Қытайдың мәдени ерекшеліктерін ұштастыратын болады.
«Инвесторлар жобаның жоғары сапасы мен бірегейлігін қамтамасыз ету үшін Шанхай қаласындағы Диснейлендті жасаған жобалаушыларды тартуға ниетті екендігін хабарлады. Аталған саябақтың негізгі идеясы — балалардың тек көңіл көтеріп қана қоймай, ойын арқылы екі елдің мәдениетінің бай екендігін және алуан түрлілігін үйренуі және сезінуі», — делінген таратылған ақпаратта.
Кездесу барысында тараптар жобаны жүзеге асыруға байланысты құрылыс мерзімі, қаржыландыру көздері, жергілікті билікпен ынтымақтастық келешегі сынды негізгі мәселелерді талқыға салды.
Осы орайда Орынбек Қуаныш өңір үшін аса маңызды жобаны сәтті жүзеге асыру үшін жұмылдырылуы мүмкін мемлекеттік қолдау теттіктеріне баса назар аудартты.