Дмитрий Попко Финляндиядағы Тампере турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко Тампере (Финляндия) челленджер турнирінің 1/8 айналымына шықты.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисшіге бастапқы матч оңайға түскен жоқ.
Дүниежүзілік рейтингіде 261-орында тұрған аргентиналық Факундо Мена ойынды сәтті бастады – 6:4. Дегенмен бұдан соң Попко камбэк жасай білді – 6:3, 7:5. Екі сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 9 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Мена 3 эйс, 3 брейкпен (14 брейк-пойнт) шектелді.
Дмитрий Попко екінші айналымда рейтингіде 374-сатыдағы румыниялық Габи Адриан Бойтанды ұтса, ширек финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Румыниядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Недовесов Аустриядағы турнирдің ширек финалына өтті.
Зарина Дияс Варшавада камбэкпен келесі айналымға шықты.