Зарина Дияс Варшавада камбэкпен келесі айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингіде 649-орында тұрған Зарина Дияс Варшава (Польша) челленджер турнирінің екінші айналымына өтті.

Екі жылдық үзілікстен кейін кортқа биыл ғана оралған 30 жастағы қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 305-ракеткасы, Польша өкілі Мартина Кубкамен кездесті.
Бірінші партияда жергілікті теннисші 6:3 есебімен басымдылық танытты. Содан кейін екі сетте Зарина 7:6 (7:4), 7:6 (7:3) есебімен Кубканың меселін қайырды.
Екі сағат 59 минутқа созылған аса тартысты матчта Дияс 5 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін есебіне жазды.
Кубка 9 эйс, 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Зарина Дияс ширек финалға шығу үшін әлемнің 167-ракеткасы, тағы бір поляк қызы, 22 жастағы Майя Хвалинскамен таласады.
Ол бастапқы ойынында рейтингіде 186-орындағы швейцариялық Селин Нафты жолдан тайдырды — 3:6, 7:5, 6:1.
Қазіргі кезде З. Дияс WTA Live рейтингісінде 590-сатыға көтеріліп тұр.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған аталмыш дода 27 шілдеде мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Румыниядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Александр Недовесов Аустриядағы турнирдің ширек финалына өтті.