Дональд Трамп АҚШ-та бензин қымбаттағаны үшін кешірім сұраудан бас тартты
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы соғыс салдарынан елде бензин бағасының өсуіне байланысты америкалықтардан кешірім сұраудан бас тартты. Ол бұл туралы Нассо округіндегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Иранға қарсы соғыстың басталу себептеріне тоқталған Трамп Тегеранның «ешқашан ядролық қаруға ие болмауы керек» екенін тағы да айтты.
— Біз олардың ядролық қаруы болғанын қаламаймыз. Сондықтан бензинге сәл көбірек ақша төлеуге тура келген кезде осыны есте ұстаңыз. Қазір бір галлон бензиннің бағасы 4 долларға жетті. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Мен ешқашан кешірім сұрамаймын. Мен дұрыс іс жасадым, — деді Трамп.
12 тамызда жанармай бағасын бақылайтын GasBuddy сервисінің мұнай нарығын талдау бөлімінің басшысы Патрик Де Хаан X әлеуметтік желісінде АҚШ-та бензиннің орташа бағасы бақылау тарихындағы осы кезең үшін ең жоғары деңгейге жеткенін хабарлады. Баға бір галлон үшін 4 доллардан асты.
Бұған дейін АҚШ-та бензиннің орташа бағасы күнтізбелік жылдың осы кезеңі үшін бұрын-соңды болмаған ең жоғары деңгейге көтерілгенін хабарладық.
Айта кетейік, Дональд Трамп Иран жағалауындағы USS Abraham Lincoln ұшақ тасымалдаушы кеме экипажының ұзақ уақыт теңізде жүруіне және борттағы жағдайға қатысты алаңдаушылықты жоққа шығарды.