Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында үш күндік бітім жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында 9, 10 және 11 мамыр күндері әрекет ететін үш күндік атысты тоқтату режимі енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Америка көшбасшысы бұл үш күндік бітім қақтығысты аяқтауға бастама болуы мүмкін деген үміт білдірді.
— Бұл бітім барлық белсенді әскери әрекетті тоқтатуды, сондай-ақ әр тараптан 1000 адамнан тұратын тұтқындар алмасуын қамтиды, — деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ақ үй басшысы тараптардың күн сайын реттеуге жақындап келе жатқанын да атап өтті.
— Бұл өтініш тікелей менің тарапымнан жасалды және оның Владимир Путин мен Владимир Зеленский тарапынан қолдау тапқанына жоғары ризашылығымды білдіремін, — деп қосты ол.
Ресей Трамптың Украинамен бітімді 11 мамырға дейін ұзарту және осы мерзімге дейін Киевпен «мыңға мың» форматы бойынша тұтқын алмасу туралы бастамасын қолдауға келісті.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бітімді ұзарту мен тұтқындар алмасу жөніндегі келісімдер АҚШ президенті әкімшілігімен жүргізілген телефон келіссөздері барысында жүзеге асқан.
Зеленский де Трамп жариялаған бітім мен тұтқын алмасу келісімін растады.
Бұған дейін тараптар уақытша атысты тоқтату режимі енгізілгенін мәлімдеген болатын.