Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды тағы бір жылға ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкциялар мерзімін тағы бір жылға ұзарту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы АҚШ-тың Федералдық реестрінде жарияланған ресми құжатқа сілтеме жасап ТАСС хабарлайды.

Айта кетейік, бұл — 2021 жылдың 15 сәуірінде Джо Байден әкімшілігі қабылдаған №14024 жарлық. Құжатта АҚШ-қа кибершабуылдар жасауға, сайлауға араласуға, америкалық азаматтарға зиян келтіруге, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге қатысы бар деп танылған ресейлік жеке және заңды тұлғаларға қарсы шектеу шаралары қарастырылған.
Сол уақыттан бері жарлық бірнеше мәрте кеңейтіліп, мерзімі ұзартылған. 2025 жылы бұл шараны қазіргі президент Дональд Трамп күшінде қалдырып, тағы бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, АҚШ келіссөздер алдында Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізді.
Аталған материал Kazinform ақпарат агенттігіне ТАСС серіктес агенттігі арқылы ұсынылды.