Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Донор тапсырған қаннан инфекция анықталған жағдайда не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда донор тапсырған әрбір қан үлгісі халықаралық және ұлттық талаптарға сәйкес зертханалық тексеруден өтеді. Егер зерттеу барысында инфекциялық маркерлер анықталса, қан орталығы донорды қосымша тексеруге жібереді. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.

Донор тапсырған қаннан инфекция анықталған жағдайда не істеу керек
Фото: Pexels

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуованың айтуынша, әрбір донордан алынған қан бірнеше инфекцияға міндетті түрде тексеріледі.

— Барлық донация АИТВ-инфекциясына, В және С вирусты гепатиттеріне, мерезге және anti-HBc, anti-HBs трансфузиялық жолмен берілетін инфекцияларға тексеріледі, — деді Алма Демеуова.

Егер зертханалық тексеру барысында инфекциялық маркерлер анықталса, мамандар ең алдымен донормен байланысқа шығып, дәрігердің қабылдауына шақырады.

— Қан орталығының мамандары донормен міндетті түрде байланысқа шығып, зертханалық тексеру нәтижелері туралы хабарлайды. Қабылдау барысында дәрігер зерттеу нәтижелерін түсіндіріп, қажетті медициналық кеңес береді және әрі қарай қандай тексерулерден өту керектігі жөнінде ұсынымдар береді, — деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, бұл ақпарат донор тіркелген емханаға жолданады. Бұл қосымша тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда диагнозды нақтылау және медициналық бақылауды ұйымдастыру үшін қажет.

— Мұндай шаралардың барлығы донордың денсаулығын қорғауға, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге және қан компоненттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Алма Демеуова.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда елімізде 1,6 млн-нан астам адам қан тапсырған.