Допинг қолданған Камила Валиева үшін Ресей құрамасы Олимпиаданың алтын медалінен айырылады

АСТАНА. KAZINFORM - Мәлімдемеде Валиеваның 2021 жылғы 25 желтоқсанда көрсеткен өнерінің нәтижесі жойылатыны айтылған.

камила
Фото: спортшының Instagram парақшасы

CAS спорт арбитраж соты допингке қарсы ережені бұзғаны үшін ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваны төрт жылға спорттан шеттетті. 

Осы шешім арқылы ресейліктер 2022 жылғы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста жеңіп алған алтын медалінен айырылады.

Сол кезде екінші орынды қанағат тұтқан АҚШ чемпион атанады.

«Валиева ханым Бүкілресейлік допингке қарсы ереженің 4.1-бабын бұзғаны анықталды. Валиева 2021 жылғы 25 желтоқсаннан бастап төрт жыл жарысқа қатыса алмайды. Валиеваның 2021 жылғы 25 желтоқсандағы барлық нәтижесі жойылады» делінген CAS мәлімдемесінде.

Тараптар 30 күн ішінде шектеулі негізде Швейцарияның федералды сотына шағымдана алады.

Дегенмен соған қарамастан бұл шешім түпкілікті және міндетті саналады.

Ал Валиева тарапы тек CAS тарапынан процедуралық кемшілік кеткен жағдайда апелляция бере алады.

«Ұсынылған бүкіл дәлелдерді мұқият қарастыра отырып, CAS комиссиясы Валиева допингті әдейі қабылдамағанын дәлелдей алмады деген қорытындыға келді» делінген үкімде.

Ішінде Валиева бар Ресей құрамасы 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында командалық жарыста алтын алды.

Жеке турнирге дейін желтоқсан айында Ресей чемпионатында алынған мәнерлеп сырғанаушының допинг сынамасынан тыйым салынған триметазидин препараты табылған.

Содан кейін командалық жарыста медаль тапсыру рәсімі кейінге қалған еді.

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) Валиеваның дисквалификациясынан кейін Бейжіңдегі командалық турнир медальдарының тағдырын қайта қарайды.

Соңғы жаңалықтар