Допты хоккей: «Ақжайық» Қазанда тағы да ұтылып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Қазанда «Динамо-Қазан-2» командасымен екінші матчын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдық клуб екінші топта 18 ұпаймен бесінші орында тұрса, қазандықтар (14 ұпай) одан бір саты төменде еді.

Бұл жолы да ойын тартысты өрбіп, көп ұзамай жергілікті төрешілер «допты рұқсат етілмеген әдіспен тоқтатты» деген себеппен Илья Глуховты 10 минутқа айдыннан шеттетті. Осыны пайдаланған қазандық Рамиль Ибрагимов есеп ашты. Оған «Ақжайық» сапындағы ресейлік легионер Максим Пахомов жауап қайырғанымен, Дмитрий Вахрушев екі мәрте мергендік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді. Дегенмен М.Пахомов «Динамо-Қазан-2» қақпасынан тағы екі рет саңылау тауып, таразы басын теңестірді - 3:3.

Екінші таймда Болат Мұхит пен Александр Подметалин айдыннан қуылғаннан кейін Р.Ибрагимов 12 метрлік айып добын дәл орындаса, Дмитрий Муницын есепті 5:3-ке жеткізді. Бұдан кейін М.Пахомов қазандықтардың қақпасына белгіленген 12 метрлік айып добын соға алмады. Матч соңында М.Болат та 12 метрлік пенальтиден мүлт кетті.

Осылайша айдын иелері 5:3 есебімен жеңіске жетті.

Оралдықтар келесі кездесулерін Воткинскіде 8-9 ақпан күндері осы екінші топта көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тартысты кездесуде қазандықтарға есе жібергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар