Допты хоккей: «Ақжайық» Қазанда тартысты ойында есе жіберді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Қазанда «Динамо-Қазан-2» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Швецияда сенбі күні мәреге жеткен әлем чемпионатынан оралған оралдық бенди шеберлеріне бұл матч оңайға түскен жоқ.

Айдын иелерінен алдымен Антон Бубнов көзге түссе, Рамиль Ибрагимов есепті 3:0-ге жеткізді. Тек осыдан кейін ғана «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Максим Пахомов 12 метрлік айып добын дәл орындап, есепті қысқартты. Дегенмен Р.Ибрагимов тағы бір голдың авторы атанды - 4:1. «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев Павел Чебаковтың пасынан кейін қақпадан саңылау таба алды.

Тартысты ойын екінші таймда да қыза түсті. Қазандықтардан Р.Ибрагимов тағы қос доптың авторы атанды. Мұны екі гол соққан Дмитрий Вахрушев жалғастырса, Айрат Хаймурзин де «Ақжайық» қақпасын дәл көздеді. Оралдықтардан М.Өтебалиев үш, П.Чебаков, М.Пахомов, Қуаныш Темірәлин бір-бір голдан соққанымен, қазандықтар жеткізбеді.

Осылайша «Динамо-Қазан-2» командасы аса тартысты ойында 9:8 есебімен жеңіске жетті. Бұған жергілікті төрешілердің қонақтарға ереже бұзды деп, айып уақытын көбірек белгілеуі де септесті деп айтуға болады.

Оралдық бапкер Николай Шавалдиннің шәкірттері 18 ұпаймен екінші топта бесінші орында келеді.

Қос команда ертең екінші ойынын өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған Қазақстан құрамасының әлем чемпионатында төртінші орынға табан тірегенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар