Дубай Ормуз бұғазының жабылу қаупіне байланысты жаңа порт салуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысының салдары Таяу Шығыстағы ең ірі контейнерлік порттардың бірі — Джебел-Алидің жұмысына ауыр соққы болды. Порт бірнеше ай бойы қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Bild.
Financial Times газетінің мәліметінше, Дубай портының операторы DP World Әмірліктердің шығыс жағалауында жаңа теңіз портын салуды жоспарлап отыр.
Жаңа жоба іске асса, кемелер Ормуз бұғазына кірмей-ақ, Оман шығанағы арқылы БАӘ-ге қатынай алады. Басылымның жазуынша, Сауд Арабиясы, Ирак және Кувейт те экспорт пен жүк тасымалы үшін балама бағыттарды дамытуға кіріскен.
Алайда бұл бастаманың Дубай үшін кесірі де болуы мүмкін. Өйткені жаңа порт БАӘ аумағында орналасқанымен, Дубай әмірлігінің аумағынан тыс салынады. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұзақ мерзімде Дубайдың өңірдегі экономикалық рөлін әлсіретуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін БАӘ Иранды Ормуз бұғазындағы екі мұнай танкеріне шабуыл жасады деп айыптағанын жазғанбыз.
Ал оның алдында АҚШ Ормуз бұғазында Иранға қарсы әскери-теңіз блокадасын қайта енгізетінін хабарлағанбыз.