Дубайда Қазақстан мен БАӘ президенттеріне арналған почта маркалары таныстырылды

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Бүгін Дубайда «Қазпочта»АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Мусиннің «Эмирейтс пост» Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық почта операторы басшылығы атынан компания директоры Абдулла Мохаммед Альашрам мен компанияның атқарушы директоры Фахад Эйс Әл Хосанидің кездесуі өтті.

Дубайда Қазақстан мен БАӘ президенттеріне арналған почта маркалары таныстырылды

БАӘ мен «Қазпочта» АҚ почта операторы екі достастық ел басшылары - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен БАӘ Президенті Халиф ибн Зайед Әл Нахайянға арналған почта маркаларын бірлесіп шығару туралы шешім қабылдады.

Бүгінгі кездесу барысында почта маркасын таныстыру және екіжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Бұдан басқа, ҚР және БАӘ почта операторларының басшылары екіжақты ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды дамытудың нақты жолдарын талқылады.

Сондай-ақ «Қазпочта» АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Мусин БАӘ-дегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шарифпен және Дубайдағы ҚР Бас Консулы Арман Исағалиевпен бірге «Эмирейтс пост» орталық кеңсесінің жұмысымен (почта жөнелтілімін сұрыптау орталығы, «Әл Карама» почта бөлімшесі, почталық электрондық құжаттама орталығы) танысады.