Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары түрік-қазақ қоры делегациясымен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев түрік-қазақ қорының директоры Фазыл Топлы бастаған делегацияны қабылдады.
Делегация құрамында қордың бұрынғы директоры Абдулуақап Қылыш және қор мүшелері Бешір Ахмет Көсе, Мехмет Шерефлі, Мехмет Гокай бар. Кездесуде биыл туғанына 60 жыл толатын Мұстафа Өзтүрікті еске алу шаралары туралы және Түркия қазақтарының құрылтайының, сонымен қатар көші-қон мәселелері сөз болды. Сондай-ақ Түркиядағы қазақ балаларының Қазақстандағы "Балдәурен" лагерінде демалуы мен жастардың жоғары оқу орындарында білім алуы және тағы басқа да көптеген мәселелер назардан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды qazaq-alemi.kz.